CLIL ТЕХНОЛОГИЯСЫН БИОЛОГИЯНЫ ОҚЫТУДА ҚОЛДАНУ
Аннотация: Мақалада биология пәнін оқытуда CLIL технологиясын қолданудың тиімділігі талданады. Бұл әдістің негізгі қағидаттары мен халықаралық тәжірибесі сипатталып, оқушылардың сыни және шығармашылық ойлауын дамытудағы рөлі қарастырылады. Сонымен қатар, Қазақстандағы CLIL әдісінің қолдану ерекшеліктері мен оны енгізу барысында кездесетін қиындықтар талқыланады. Мақала CLIL технологиясын пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыру жолдарын ұсынады
Ключевые слова: CLIL технологиясы, биологияны оқыту, сыни ойлау, шығармашылық қабілеттер.
Қазіргі білім беру саласы оқушылардың теориялық білім алумен қатар, креативті және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға басымдық беруде. Креативтілік тек өнерде ғана емес, ғылымда, технологияда, әсіресе биология сияқты пәндерде маңызды рөл атқарады. CLIL технологиясы – тілдік және пәндік білімді бір уақытта дамытатын тиімді әдіс. Бұл технология оқушылардың когнитивті дамуына ықпал етіп, олардың зерттеушілік және аналитикалық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
CLIL (Content and Language Integrated Learning) технологиясы – пәндік білім беру мен шет тілін оқытуды интеграциялай отырып, оқушылардың шығармашылық және когнитивті қабілеттерін дамытудың инновациялық тәсілі. Биология сабағында бұл технологияны қолдану арқылы оқушыларды терең теориялық біліммен қаруландырып қана қоймай, олардың креативті ойлау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік туады. CLIL ХХ ғасырдың соңында Еуропада қалыптасқан. Оның пайда болуы көптілді қоғамдарда білім беру сапасын жақсарту қажеттілігімен байланысты[1,3,7 1-3].
CLIL технологиясының қалыптасуындағы алғышарттары болып төмендегі факторлар әсер етті:
Еуропалық интеграция және көптілділік саясаты:
1. 1990 жылдары Еуропалық Одақ елдері арасында шет тілдерін меңгеру қажеттілігі арта түсті. Біртұтас экономикалық және саяси кеңістік қалыптастыру үшін жаңа буынның бірнеше тілде еркін сөйлеуіне басымдық берілді. Бұл мақсатта пәндік білім беруді шет тілдерімен байланыстыру әдісі ерекше қызығушылық туғызды[1, 4].
Білім беру саласындағы инновациялар: Тіл үйренудің дәстүрлі әдістері (грамматикаға негізделген оқыту, аударма және жаттау) оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуда тиімсіз екендігі байқалды. Осыған байланысты оқыту үрдісінде тіл мен мазмұнды бір уақытта меңгеруге негізделген жаңа әдістерге сұраныс туындады[2,5].
CLIL терминін алғаш рет 1994 жылы британдық ғалым Дэвид Марш енгізді. Ол Еуропалық Комиссияның қолдауымен жаңа технологияларды дамытумен айналысқан білім беру сарапшыларының бірі болды. Дэвид Марш CLIL технологиясын "пәндік және тілдік білімді бір уақытта меңгеруге бағытталған инновациялық әдіс" деп анықтады [1]. Жылдардың соңында CLIL Еуропаның көптеген елдерінде тәжірибелік деңгейде енгізіле бастады. Айта кетерлік мемлекеттер - Финляндия, Нидерланд және Германия.
Финляндия: CLIL технологиясы ағылшын тілі арқылы ғылым және математика сабақтарында қолданылды. Бұл әдіс оқушылардың пәндік білім деңгейін төмендетпей, шет тілін жетік меңгеруге мүмкіндік берді[1].
Нидерланд: Ел мектептерінде оқушылар биология, география, тарих пәндерін ағылшын немесе француз тілінде оқи бастады. Бұл тәжірибе екітілді білім беру жүйесінің негізін қалады[2,5].
Германия: Неміс мектептерінде CLIL технологиясы шет тілін ерте жастан оқыту бағдарламасының құрамдас бөлігіне айналды[2].
Еуропалық Комиссияның қолдауымен CLIL әдісін дамытудың кең ауқымды бағдарламалары қабылданды. Бұл бағдарлама көптілді білім берудің тиімділігін арттыруға бағытталды және оның негізгі құралы ретінде CLIL әдісі танылды[4].
2000 жылдардан бастап CLIL Еуропадан тыс аймақтарға да кең тарала бастады.
Азияда CLIL технологиясы Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай сияқты елдерде білім беру реформаларының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл елдер шет тілдерін оқытуда пәндік білімді пайдаланудың тиімділігін жоғары бағалады[1]. Ал, Оңтүстік Америкада CLIL әдісі Чили мен Аргентинада екітілді бағдарламалар аясында қолданылды. Бұл елдердегі тәжірибеде CLIL экономикалық және мәдени жаһандану контекстінде шет тілдерін үйренудің негізгі құралы болды[1,6].
Қазақстанда CLIL технологиясы ХХІ ғасырдың басынан бері қолданылуда, бірақ оның дамуы әсіресе үштілділік саясаты енгізілгеннен кейін қарқын алды. 2011 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш тілде оқытуды дамыту стратегиясын ұсынды. Осы бастаманың аясында CLIL технологиясы ағылшын тілін ғылым мен техника пәндерімен байланыстырудың тиімді әдісі ретінде қабылданды [7-9].
2010 жылдар: Назарбаев Зияткерлік мектептері мен республикалық мамандандырылған мектептерде CLIL әдісі тәжірибелік деңгейде енгізілді[9].
2020 жылдар: CLIL технологиясы жалпы білім беру мектептерінде кеңейтіле бастады, әсіресе биология, химия және физика сияқты пәндерде[7,9].
Әр түрлі пәндер мен әдістемелерде «4 С» қағидаттары әр түрлі анықтамаларға ие болуы мүмкін. Айтап айтсақ, Койл тұжырымдамасы. Ол CLIL әдісінің негізгі төрт компонентін атап көрсетеді: мазмұн, қарым-қатынас, таным және мәдениет. Ол биология сабағында осы компоненттерді тең дәрежеде қолдану маңызды екенін айтады. Койлдың пікірінше, тіл мен пәнді интеграциялау арқылы оқушылардың ойлау қабілеті дамиды, алайда бұл әдісті жүзеге асыру мұғалімдердің жоғары деңгейдегі тілдік және пәндік білімін талап етеді[2,10].
Мысалы, CLIL (Content and Language Integrated Learning) әдісінде қолданылатын «Төрт С» жүйесі мынадай қағидаттардан тұрады:
Content (Контент) — оқытылатын пәннің мазмұнына назар аудару, яғни биологияны үйрену.
Communication (Коммуникация) — шет тілінде қарым-қатынас дағдыларын дамыту, сабақ кезінде тілдік құралдарды белсенді пайдалану.
Cognition (Когниция) — оқушылардың сыни және логикалық ойлау қабілетін дамыту, яғни оқу процесінде анализ, салыстыру, қорытынды жасау.
Culture (Мәдениет) — оқушылардың мәдениетаралық түсінігін дамыту, олардың басқа мәдениеттерге қызығушылығын арттыру[2,5].
CLIL әдісінің тиімді қолданылуы үшін негізгі қағидаттарды сақтау қажет. Олардың ішінде контент, коммуникация, когниция және мәдениет маңызды орын алады. Контент қағидаты бойынша оқушылар биология пәнінің негізгі ұғымдары мен концептілерін шет тілінде меңгереді. Коммуникация қағидаты оқушылардың шет тілінде ғылыми пікірталасқа қатысу дағдыларын дамытуға бағытталған. Когниция қағидаты оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытады. Ал мәдениет қағидаты олардың басқа мәдениеттерді ұлттық мәдениетпен сабақтастыру арқылы білім жүйелеріне деген қызығушылығын арттырады.
CLIL технологиясы бірнеше негізгі принциптерге сүйенеді. Біріншіден, мазмұн мен тілдің интеграциясы оқушыларға пәндік материалды шет тілінде меңгеруге жағдай жасайды. Биология сабағында бұл әдіс ағылшын тіліндегі терминологияны, мәтіндер мен визуалдық материалдарды қолдану арқылы жүзеге асады. Бұл тәсіл оқушыларды екі түрлі саланы – биология және шет тілін – қатар игереді, бұл олардың когнитивті жүктемесін арттырады және жоғары деңгейлі ойлау қабілеттерін дамытады.
Екіншіден, CLIL әдісі когнитивті күрделілікті алдыңғы орынға қояды. Биология пәні күрделі ғылыми құбылыстарды зерттеуді талап етеді. Мысалы, «Клетканың құрылысы» тақырыбын қарастырғанда оқушылар тек шет тілінде жаңа терминдерді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар диаграммаларды талдап, клетканың компоненттерінің қызметін сипаттап, олардың арасындағы байланысты түсіндіреді. Мұндай тапсырмалар оқушылардың сыни және креативті ойлау қабілеттерін дамытады.
CLIL әдісінің креативті ойлауға тигізетін әсері ерекше. Креативті ойлау – бұл жаңа шешімдерді іздеу және оларды қолдану қабілеті. Мысалы, биология сабағында оқушылар шет тілінде экологиялық проблемаларды талқылап, оларды шешуге арналған жобалар әзірлей алады. Бұл жерде оқушылардың шығармашылық қабілеттері нақты мәселелерді зерттеу арқылы шыңдалады. Мәселен, «Қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында оқушылар шет тілінде экологиялық қауіптер туралы мәлімет жинап, олардың шешімдерін жобалар түрінде ұсынады. Бұл тек тілдік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау және шығармашылық қабілеттерді де дамытады.
Шығармашылық тапсырмалар CLIL әдісінің негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Мысалы, биология сабағында мұғалімдер оқушыларға шет тілінде презентациялар дайындауды, ғылыми мақалаларды оқып, оларға шолу жасауды, зертханалық жұмыстардың нәтижелерін қорғауды немесе биологиялық модельдерді жасауды ұсына алады. Мұндай тапсырмалар оқушылардың оқу процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етеді және олардың өз ойларын еркін әрі дәл жеткізуіне мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе CLIL әдісінің тиімділігін растайды. Марш пен Фриголс CLIL технологиясының халықаралық тәжірибесін зерттей отырып, бұл әдістің оқушылардың сыни ойлау қабілетін арттыратынын атап көрсетеді. Олар биология сабақтарында тәжірибелік жұмыстарды тілдік дағдылармен ұштастыру оқушылардың білім деңгейін арттыратынын көрсеткен. Алайда, бұл әдістің сәттілігі мұғалімдердің әдістемелік құзыреттілігіне байланысты екенін баса айтады.
Еуропа елдерінде бұл әдіс биологияны оқытудың стандартты бөлігіне айналды.
Мысалы, Нидерланд мектептерінде оқушылар биоәртүрлілік тақырыбында ағылшын тілінде зерттеулер жүргізеді. Олар экожүйелердің өзгеруін бақылап, ғылыми тұжырымдамалар әзірлейді. Бұл оқушылардың аналитикалық және креативті ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді[1, 4,6].
Қазақстанда CLIL технологиясын қолдану үштілділік саясаты аясында белсенді дамып келеді. Биология пәнінде бұл әдісті енгізу көптеген мектептерде сынақтан өтуде. Айтап айтқанда, CLIL технологиясын қолдануда үштілді биология кітаптары басылып шықты. Оқушыларға ағылшын тілінде сабақ өткізу барысында мұғалімдер ғылыми терминдерді түсіндіру, зертханалық тапсырмаларды орындау және нәтижелерді талқылау секілді әдістерді қолданады. Бұл тәсіл тек пәндік білімді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар оқушылардың шет тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік береді[7,9].
Далтон-Пуффер CLIL сабақтарындағы коммуникация мәселелеріне ерекше назар аударған. Ол шет тілін қолдану барысында оқушылардың пәнді толық меңгеруіне тілдік кедергілер әсер ететінін айтады. Мысалы, биологияда күрделі терминологияны түсіндіру қиындық тудырады, ал бұл пәнді тереңірек меңгеруге кедергі болуы мүмкін[4].
CLIL (Content and Language Integrated Learning) технологиясы пәнді және тілді интеграциялай отырып оқыту әдісі ретінде соңғы жылдары білім беру жүйесінде танымал болуда. Биология сабағында CLIL-ді енгізу оқушылардың тілдік және пәндік білімдерін бір уақытта дамытуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл әдісті жүзеге асыру барысында бірқатар қиындықтар туындайды. Олар:
Мұғалімдердің дайындығының жеткіліксіздігі CLIL технологиясын тиімді қолдану үшін мұғалімдер биология пәнін ғана емес, шет тілін де жоғары деңгейде меңгеруі қажет. Қазақстанда биология мұғалімдерінің басым көпшілігі ағылшын тілінде сабақ беруге дайын емес. Мұғалімдердің лингвистикалық дайындығы жетіспейтіндіктен, сабақтарда тіл мен пән интеграциясы толыққанды жүзеге аспайды[2,11]. Сонымен қатар, CLIL әдістемесін дұрыс қолдануға арналған кәсіби даму курстарының саны шектеулі, ал қолжетімді курстардың сапасы әрдайым талапқа сай емес[3].
Алимжанова А.С. Қазақстандағы биология сабағында CLIL технологиясын қолдану туралы былай дейді: “Бұл әдіс оқушылардың шет тілін меңгеру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бірақ пән мұғалімдердің көпшілігі ағылшын тілін жетік білмегендіктен, олар әдістемелік қиындықтарға тап болады.” Ол сонымен қатар, арнайы оқу материалдарының жетіспеушілігі Қазақстанда CLIL технологиясын енгізуді тежейтін негізгі факторлардың бірі екенін айтады[11].
Оқушылардың тілдік деңгейінің әртүрлілігі CLIL әдістемесін қолдану барысында оқушылардың шет тілін меңгеру деңгейі маңызды рөл атқарады. Бірақ қазақстандық мектептерде бір сыныптың ішінде оқушылардың тілдік деңгейі әртүрлі болуы жиі кездеседі. Кейбір оқушылар шет тілін жақсы меңгерген болса, басқалары базалық деңгейде ғана білуі мүмкін[11]. Бұл айырмашылық сабақ барысын қиындатып, кейбір оқушылардың тақырыпты толық түсінбеуіне әкеледі[12].
Оқыту материалдарының жеткіліксіздігі Биология пәні үшін CLIL технологиясына негізделген арнайы оқулықтар мен ресурстардың тапшылығы – негізгі мәселелердің бірі. Көп жағдайда мұғалімдер шетелдік оқулықтарды пайдаланады, бірақ олардың мазмұны жергілікті білім беру стандарттарына сәйкес келмеуі мүмкін[3]. Сонымен қатар, оқулықтарда Қазақстанның биологиялық ерекшеліктері қамтылмайды, бұл оқушылардың қызығушылығын төмендетуі мүмкін[11,13].
ЮНЕСКО көптілді білім беруді дамыту туралы баяндамасында CLIL әдісі білім беру саласында инновациялық құрал ретінде бағаланады. Алайда, халықаралық ұйымның пікірі бойынша, бұл әдісті қолдану үшін білім беру жүйесінде қолайлы жағдайлар жасалуы керек. Қазақстан жағдайында бұл, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оқу бағдарламаларын жаңарту қажеттігін талап етеді[13].
Сабақтың жоғары күрделілігі CLIL әдістемесінде оқушылар бір уақытта екі жаңа дағдыны – пәндік және тілдік – меңгереді. Бұл оқыту процесін күрделендіріп, кейбір оқушылардың мотивациясының төмендеуіне әкеледі[4]. Әсіресе биология сияқты күрделі пәндерде бұл әдісті қолдану кезінде оқушылардың жүктемесі артып, олар пәнді толықтай түсінбей қалуы мүмкін[12].
Сеноз бен Гортер CLIL әдісінің артықшылықтарын мойындай отырып, оның кемшіліктеріне де тоқталады. Олар биология сияқты күрделі пәндерде бұл әдісті қолдану оқушылар үшін қосымша жүктеме болатынын айтады. Әсіресе, шет тілін төмен деңгейде меңгерген оқушылар үшін пәнді түсіну қиынға соғады[12].
Уақыт тапшылығы
CLIL әдістемесін қолдану кезінде сабақты жоспарлау және өткізу уақыты ұлғаяды.
Мұғалімдер тақырыпты шет тілінде түсіндіру, жаңа сөздерді үйрету, тілдік және пәндік тапсырмаларды құрастыру үшін қосымша уақыт жұмсайды. Бұл стандартты оқу жоспарында қарастырылған уақыт шеңберіне сыймауы мүмкін[3,11].
Бағалау қиындықтары
CLIL әдістемесін қолдану барысында оқушылардың жетістіктерін бағалау –
күрделі процесс. Мұғалімдер оқушылардың тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар тілдік дағдыларын да ескеруі керек. Алайда бағалау критерийлерінің нақты болмауы, мұғалімдердің тәжірибесінің жетіспеуі бұл процесті қиындатады[4,14].
Тілдік кедергілердің мотивацияға әсері
Биологияны шет тілінде оқыту барысында тілдік тосқауыл оқушылардың пәнге
деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Егер оқушы тақырыпты шет тілінде түсінбесе, ол пәннен тез шаршап, мотивациясы жоғалуы ықтимал. Бұл әсіресе тілдік қабілеттері төмен оқушылар арасында жиі байқалады[4,12].
Қазақстандық зерттеушілер Жалғасова А.Б. мен Тұрсынова Ж.С. былай деп жазады:
“CLIL технологиясы оқушылардың көптілділігін дамытуға ықпал етеді, бірақ биология пәнінде бұл әдіс күрделі терминдерді түсіндіруде қосымша қиындықтар тудырады.” Олар Қазақстанның білім беру жүйесінде CLIL әдісін қолдану үшін нақты стратегиялар қажет екенін баса айтады[14].
CLIL технологиясын биология сабақтарында тиімді пайдалану үшін келесі
шешімдер ұсынылады:
Пән мұғалімдеріне арналған тілдік және әдістемелік курстар санын арттыру[3].
Оқушылардың шет тілін меңгеру деңгейін ескере отырып, сараланған оқыту әдістерін қолдану[12].
Қазақстандық мектептер үшін жергілікті ерекшеліктерді ескеретін оқулықтар мен ресурстар әзірлеу[11].
Сабақ жоспарларын икемді ету және пәндік-тілдік оқытуды оңтайландыру[3].
Бағалау жүйесін жетілдіру және оған түсінікті әрі нақты критерийлер енгізу[1].
CLIL технологиясы биология сабақтарын жаңашыл етуге мүмкіндік береді. Бірақ
оның тиімділігі осы қиындықтарды шешу арқылы ғана қамтамасыз етіледі.
Осылайша, CLIL әдісін биология сабақтарында қолдану оқушылардың пәндік және
тілдік білімдерін тереңдетуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және олардың сындарлы ойлау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл технологияны тиімді пайдалану арқылы қазақстандық білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге болады.
Қорытынды. CLIL технологиясы биология сабақтарында креативті ойлауды
дамыту құралы ретінде тиімді болып табылады. Оның көмегімен оқушылар шет тілін меңгеріп қана қоймай, биологиялық білімдерін тереңдетіп, сыни және креативті ойлау қабілеттерін жетілдіреді. Алайда бұл әдісті тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімдердің кәсіби даярлығын арттыру, оқу бағдарламаларын бейімдеу және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. CLIL технологиясын кеңінен қолдану қазақстандық білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтереді және оны халықаралық стандарттарға жақындатады.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 12 (81) том 5 ч. 1
Ссылка для цитирования:
CLIL ТЕХНОЛОГИЯСЫН БИОЛОГИЯНЫ ОҚЫТУДА ҚОЛДАНУ // Журнал «Вестник науки» от 26 декабря 2024 г. № 12 (81) том 5 ч. 1. С. 1132 - 1142. 2024 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/20471 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/20471
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
