'
Дүйсенбай Н.Ә., Базарғалиева А.А.
ТАҒАМДЫҚ МИКРОГРИНДЕР ӨСІРУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ: СУБСТРАТ ТҮРЛЕРІ *
Аннотация:
Бұл мақалада тағамдық микрогриндер түсінігі қарастырлып, микрогриннің қалыпты өсуіне жағдай жасайтын факторларға жалпы әдебиеттік шолу жүргізілді. Микрогрин өсіру технологияларында маңызды болып табылатын субстрат топтары аталып, анықтама келтірілді
Ключевые слова:
Тағамдық микрогрин, субстраттар, өсіру әдісі
Қазіргі урбандалу дәрежесінің және ауыл шаруашылығы өніміне деген сұраныстың артуы вертикалды егіске деген қызығушылықты арттырды. Вертикалды егіс - шамдары бар сөрелерде немесе басқа да арнайы дайындалған автоматтандырылған құрылыстарда аз жерді тиімді пайдалану мақсатында дамыған ерекше егіс түрі. Оның бір мысалы ретінде тағамдық микрогриндерді өсіру технологиясын атап өтуге болады.
Микрогриндер (немесе жасыл өскіндер) – бұл жас дақылдардың алғашқы жапырақтары, әлі толық пісіп жетілмеген, бірақ өте қоректік және пайдалы. Микрогриндер балғын дәмге ие, құрамы витаминдерге, минералдарға және басқа да қоректік заттарға бай.
Микрогриндер өсіру қазіргі уақытта үйде де, өндірістік ауқымда да кеңінен танымал болып келеді. Оларды өсірудің көптеген артықшылықтары бар: олар тез өседі, құрамында дәрумендер мен минералдар көп, әрі оларды дайындау мен тұтыну өте ыңғайлы. Тағамдық микроргрин өсіру әдісі негізінен қолданылатын субстрат түріне тікелей байланысты, сол себепті субстраттың құрылысына байланысты әдістерді екіге топтастыруға болады. Бірінші әдіс бір тегіс болып келетін тұтас субстраттарды біріктіреді. Оған агровата, кокос, зығыр, джут кілемшелері, екінші әдіс тобына кокос торфы, грунт, вермикулит тәрізді борпылдақ құрылысты, шашыраңқы субстрат түрлері жатқызылады.
Қазіргі таңда тағамдық микрогрин өсіруде сұраныс ие субстрат түрлеріне өсімдік текті кілемшелерді жатқызуға болады. Кілемшелер оңай утилизденетіндіктен және стерилді болғандықтан экологиялық таза өнім болып табылады. Олардың ішінде джут және зығыр кілемшелері қол жетімділігімен және қолданыстағы жеңілдігімен микрогрин өсіруде көптеп қолданылады. Джут, зығыр, кокос кілемшелері мен агорвата біртұтас субстрат болғандықтан тасымалдау оңай және дайын өнімнің ұнтақтармен бүліну қаупі болмайды. Өндіріс мақсатында осы кілемшелерді қолдану тағамдық микрогриндерді ұзақ уақыт сақтауға және тұтынуға мүмкіндік береді.
Микрогрин фермасын құрудың әртүрлі әдістері бар. Классикалық технология ретінде субстратта өсіру таңдалады. Көптеген сарапшылар бейтарап субстраттарда, атап айтқанда, шімтезекте өсіруді жақсырақ деп есептейді [1].
Шымтезек немесе кокос торфы борпылдақ субстраттар тобына жатқызылады. Топырақты толықтай дерлік ауыстыруға мүмкіндік беретін, стирильді, бейтарап рһ ортасы тән материалдық негіз. Құрамындағы қоспа түрлеріне байланысты 100% немесе 70% кокос ұнтағы, ал қалған 30% кокос чипстері мен кокос талшықтарының қоспасынан жасалады. Қолдану кезінде ұқыпты болу қажет. Тұқымның өнуі басқа субстраттармен салыстырғанда жылдам жүреді. Бұл құбылыс торфтың жылуды сақтау қасиетіне байланысты болуы мүмкін. Өсу барысында және тұқымның өнуінде кокос торфын қолдану тиімдірек болғанымен, жетілген мирогриндерді жинау кезеңінде өскіндерді тұтынуға дайындау үшін қосымша тазарту жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Вермикулит - гидрослюдалар тобындағы табиғи минерал. Бұл пластинка тәрізді кристал. Бау-бақша күтімімен айналысатын адамдар оны «жылтырақты» сұр-ақшыл қоңыр түсті ұсақ бөлшектер түріндегі ылғалды жақсы сіңіретін сусымалы материал ретінде біледі. Өсімдіктерді өсіру үшін тек екі түрі қолданылады: орташа және ұсақ. Вермикулит - инертті, стерильді, экологиялық таза материал [2]. Вермикулит өз бойына массасынан 500% көп болатын су мөлшерін ұзақ уақытқа сіңіре алады. Осы ерекшелігіне байланысты тұқым егу, көшет отырғызу, топырақты құнарландыруда қолданылады. Микрогрин өсіруде де суды сіңіру және қажетті мөлшерін өсімдікке уақытылы беріп отыру қасиетіне байланысты соңғы жылдары жиі қолданылып келеді. Кокос торфы мен вермикулит топырақ типті борпылдақ болғандықтан тасымалдау барысында аса сақтықты талап етеді.
Микрогрин өсіруде грунтты немесе қарапайым топырақты қолдану ұсынылмайды. Мұның себебі топырақта кездесетін көптеген микроағзалар мен саңырауқұлақтардың өсімдікке зиянды әсер ету мүмкіндігімен түсіндіріледі. Жас өскіндердің тамыр жүйесі толық дамымағандықтан, онда қалыпты жағдайда сүзгі қызметін атқаратын каспари белдеуі жетілмейді. Сондықтан ауру туғызатын зиянды микроағзалардың микрогрин бойында көбейіп, тамақ арқылы улануға алып келу қаупі бар.
Гидропоникалық әдіс - микрогриндерді субстратта өсіруге тамаша балама болып табылатын әдіс. Гидропоника көмегімен микрогрин барлық қажетті қоректік заттарды топырақтан емес, тікелей судан алады. Судың құрамын бақылап отыру арқылы микрогриннің өсуіне қолайлы жағдай ұйымдастырылады. Сондықтан, суға тұқым өнуін ынталандыруға қажетті қоспаларды қосуға болады. Қатаң бақылаудағы қоспаның берілуі алынатын жас өскінің сапалық құрамын арттырады. Бірқатар зерттеулер гидропоникадағы өну жылдамдығы жоғары және өнім таза екенін көрсетеді [3]. Гидропоникалық әдістер технологиясы автоматтандырылған қондырғы түріне тікелей байланысты. Қондырғылардың бағасы қымбат болғандықтан жәй үй жағдайында өсіруде қолайсыз. Сондықтан, автоматтандырылған қондырғыны қажет етпейтін су тасқынды жүйесі микрогрин өндірісінде пайдаланылады. Су тасқынды жүйе деп өсімдік тамыры уақыт өте қоректік ерітіндіге батырылып отыруын айтады. Алайда бұл тәсіл тек тұқым мөлшері үлкен бұршақ, күнбағыс, бидай тәрізді дақылдарды өсіргенде тиімді.
Тағамдық микрогрин өсіруде өнім сапасына әсер ететін бірнеше факторлар бар. Оған жоғарыда айтылып өткен субстрат, яғни өсіру әдістерінің ерекшелігімен қатар оптималды температура мен жарық көздерін тиімді қолдану да жатады.
Микрогриндер жарықты жақсы көреді, сондықтан оларды жақсы жарықтандырылған жерде өсіру керек. Күн сәулесінің тікелей түсуі маңызды емес, бірақ жарық көп болғаны дұрыс. Егер табиғи жарық жеткіліксіз болса, өсімдіктерді жарықдиодты лампалармен қамтамасыз етуге болады.
Температура да маңызды рөл атқарады. Микрогриндер үшін ең қолайлы температура 18-22°C аралығында болады. Суық немесе ыстық ауа райы өсімдіктердің өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Микрогриндер әдетте өте тез өседі. Өсу мерзімі дақылға байланысты 7-21 күн аралығында болады. Мысалы, күнбағыс немесе бұршақ микрогриндері 7-10 күнде дайын болады, ал қызылша мен қырыққабат түрлері үшін өсіру уақыты 14-21 күнге дейін созылады. Олардың сақталу мерзімі 2-3 күннен аспауы керек, себебі уақыт өте келе жас өскін пайдалы қасиеттерінен айрыла бастайды. Зерттеушілердің пйымдауынша микрогриндерді ұзақ уақыт сақтау үшін 1 градус температурада тоңазытқышқа орналастыру қажет. Дәл осылай сақтау тәсілін қолдану нәтижесінде редис жас өскіндері 2 апта бойы өз қасиеттерін жоғалпай сақталған [4].
Микрогриндер – бұл тек пайдалы тағам ғана емес, сонымен қатар өсіру әдісі қарапайым және тиімді дақылдар. Олар дәрумендер мен минералдарға бай, әрі үйде өсіруде өте ыңғайлы. Зерттеушілер микрогрин өсіруде ең таза жән қолайлы әдіс деп гидропониканы ұсынғанымен, бұл әдістің кемшіл тұстары да бар. Субстрат түрлерінің ерекшеліктерін ескере отыра әр жаңа тұтынушы өзіне қолайлы өсіру тәсілін таңдай алады. Соның ішінде кокос торфы жылдам тұқым өнуіне жағдай жасайтын болса, түрлі кілемшелер микрогрин өсуіне қажет экологиялық оңтайлы әрі таза деп есептелінеді. Агромақта - қолданыста аса сақтықты қажет ететін субстрат. Микрогриндерді өсіру кезінде оның дұрыс жетілуіне әсер ететін барлық факторларды ескере отырып, тиімді өсіру тәсілін таңдау қажет. Тағамдық микрогриндерді өсіру тәсілінің әр алуандығына қарамастан барлық субстрат түрінен алынатын өнімнің денсаулыққа берер пайдасы мол болары анық.
Номер журнала Вестник науки №3 (84) том 2
Ссылка для цитирования:
Дүйсенбай Н.Ә., Базарғалиева А.А. ТАҒАМДЫҚ МИКРОГРИНДЕР ӨСІРУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ: СУБСТРАТ ТҮРЛЕРІ // Вестник науки №3 (84) том 2. С. 697 - 701. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/21830 (дата обращения: 16.12.2025 г.)
Вестник науки © 2025. 16+