ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ: ЖАРИЯ ДИПЛОМАТИЯДАН ЦИФРЛЫҚ ГЕОСАЯСАТҚА ДЕЙІН
Аннотация: бұл зерттеуде әлеуметтік медианың халықаралық қатынастардағы трансформациялық рөлі ғылыми тұрғыдан талданады және әлеуметтік медиа платформаларының тек коммуникациялық арна емес, сонымен қатар қоғамдық дипломатия, цифрлық геосаясат және ақпараттық қауіпсіздік салаларында ықпал етуші геосаяси актор ретінде қалыптасып жатқанын дәлелдейді. Зерттеу аясында платформалардың демократиялық әлеуеті мен алгоритмдік бақылау мәселелері қарастырылып, АҚШ, Қытай, Ресей және халықаралық ұйымдардың (БҰҰ, ЕО, ЮНЕСКО) тәжірибелері салыстырмалы түрде сипатталады
Ключевые слова: әлеуметтік медиа, цифрлық дипломатия, халықаралық қатынастар, дезинформация, цифрлық тәуелсіздік, қоғамдық дипломатия, цифрлық геосаясат.
Әлеуметтік медиа халықаралық қатынастар жүйесіндегі коммуникация формаларын түбегейлі өзгертуде. Бұрын дипломатия тек жабық байланыс саласы болса, бүгінде «Twitter*(*запрещено в РФ)», «Facebook *(*запрещено в РФ)», «TikTok*(*запрещено в РФ)» және «Telegram» платформалары қоғамдық дипломатияның да, цифрлық қақтығыстың да аренасына айналды. Бұл платформалар екіұшты рөл атқарады: бір жағынан, олар өзін-өзі жариялауға және халықаралық диалог жүргізуге кең мүмкіндік берсе, екінші жағынан — манипуляция, поляризация және демократиялық институттарды әлсірету құралына айналуда. Осы жағдайларда әлеуметтік медианың халықаралық саясаттағы рөлін ғылыми тұрғыдан қайта қарастыру қажеттілігі туындайды.
Интернет-коммуникациялар дамуының бастапқы кезеңінде әлеуметтік медиа демократияландырудың құралы ретінде қарастырылды: ол еркін пікір алмасуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және ашықтыққа ықпал етті. Мысалы, 2011 жылғы Араб көктемі кезінде наразылық қозғалыстарының үйлестірілуінде Facebook*(*запрещено в РФ) пен Twitter*(*запрещено в РФ) шешуші рөл атқарды, бұл платформаларды «бостандық құралдары» деп атауға негіз болды [1]. Алайда 2010-жылдардың ортасына қарай алгоритмдер арқылы мазмұнды таратуда жағымсыз әсерлер байқала бастады.
«Pew Research Center» (2021) зерттеуі көрсеткендей, америкалықтардың 64%-дан астамы әлеуметтік медиа қазіргі қоғамға теріс әсер етеді деп санайды, себебі ол жалған ақпарат пен саяси поляризацияны таратады [2]. «Facebook*(*запрещено в РФ)», «YouTube» және «TikTok*(*запрещено в РФ)» алгоритмдері көбіне эмоциялық әсері жоғары контентке басымдық береді, бұл «ақпараттық көпіршіктердің» пайда болуына және когнитивтік бұрмаланулардың күшеюіне әкеледі. Осылайша, әлеуметтік медиа бейтарап арна болудан қалып, саяси қабылдауды бағыттайтын белсенді модераторларға айналды.
«The Wall Street Journal» (2021) мәліметінше, «TikTok*(*запрещено в РФ)» пайдаланушыны бірнеше минут ішінде саяси радикализацияға апаратын бейнематериалдар легіне тарта алады [3]. Бұл жеке тәжірибе ғана емес, ұлттық және халықаралық қауіпсіздікке әсер ететін ауқымды ықпал. Демек, әлеуметтік медиа көлденең байланыстың құралы болудан қалып, жаһандық саясатта назарды басқару ресурсына айналған алгоритмдік бақылау орталықтарына айналды. Платформаларда контент хронологиялық емес, эмоциялық-әсерлілік бойынша ұсынылады, бұл ақпараттық оқшаулану мен идеологиялық бөлінуді тереңдетеді.
Мемлекеттер әлеуметтік медианы ұлттық беделін нығайтуға, өз нарративтерін алға жылжытуға және шетелдік аудиторияға ықпал етуге белсенді қолдануда. Қоғамдық дипломатия пресс-релиздер мен ресми мәлімдемелер шеңберінен шығып, бүгінде мемлекет басшылары «Twitter*(*запрещено в РФ)», «YouTube» немесе «Instagram» арқылы халықаралық аудиториямен тікелей байланыс орнатады. Бұл құбылыс «цифрлық дипломатия» ұғымын тудырады, мұнда мазмұнмен қатар формат, эмоционалдық резонанс және аудиторияның қатысуы да маңызды рөл атқарады.
Мұның айқын мысалы — АҚШ-тың цифрлық дипломатия тәжірибесі. АҚШ Мемлекеттік департаменті мен елшіліктері Twitter*(*запрещено в РФ), Facebook *(*запрещено в РФ) және YouTube платформалары арқылы адам құқықтары, демократия, халықаралық қауіпсіздік және мәдени алмасу сияқты сыртқы саясат басымдықтарын белсенді түрде насихаттайды. «ShareAmerica» бағдарламасы шетелдік аудиторияға арналған мультимедиялық материалдар ұсынады, ал дипломаттардың әлеуметтік желідегі аккаунттары тікелей коммуникация алаңына айналған [4]. Бұл тәсіл АҚШ-қа жұмсақ күш нарративтерін ілгерілетіп, шетелдегі қоғамдық пікірге әсер етуге мүмкіндік береді.
Британ Сыртқы істер министрлігі Instagram*(*запрещено в РФ)-да ұлттық мәдениетті танытатын және жұмсақ күшті көрсететін визуалды науқандар жүргізеді. Демек, әлеуметтік медиа халықаралық бедел қалыптастырудың және сыртқы саясат жүргізудің маңызды құралына айналды.
Әлеуметтік медиа — сана үшін күрестің жаңа алаңы. Әртүрлі мемлекеттер өздерінің ақпараттық және технологиялық ресурстарына сүйене отырып, цифрлық ықпал ету стратегияларын қалыптастыруда. Мәселен, Қытай «TikTok» және ұлттық «Weibo», «WeChat» платформалары арқылы позитивті халықаралық бейне қалыптастыруда және ішкі кеңістікте қажетсіз ақпараттың таралуын шектейді. Бұл стратегия ақпараттық егемендік ұстанымдарына сәйкес ішкі кеңістікті реттей отырып, сыртқы бағытта ақпарат «экспортына» негізделеді.
АҚШ әлеуметтік желілерді ашық қоғам, сөз бостандығы және демократия құндылықтарын насихаттауға пайдаланады. «ShareAmerica» және «Digital Democracy» сияқты қоғамдық дипломатия бағдарламалары арқылы дамушы елдердегі аудиторияға бағытталған ақпараттық кампаниялар жүргізіледі [5]. Әсіресе Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдері басты назарда тұр.
Ресей ақпараттық егемендікті нығайтудың жолдарын іздеп, ұлттық платформаларды дамытып, халықаралық ақпараттық кеңістіктегі қатысуын арттырып отыр. Сыртқы саясат және БАҚ құрылымдары әлеуметтік желілерді ресми ұстанымды түсіндіру және ұлттық құндылықтарды шет елдерде насихаттау үшін пайдалануда. Бұл Ресейге жаһандық дискурста өз орнын сақтауға және баламалы көзқарастарды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Демек, цифрлық геосаясат — көпполярлы ақпараттық текетірес жағдайында дамуда. Әлеуметтік медиа – тек байланыс құралы емес, сонымен қатар жаһандық ықпалдың жаңа тетігі.
Сонымен қатар, әлеуметтік медиа күрделі алгоритмдермен басқарылатын экожүйе ретінде жұмыс істейді. Бұл алгоритмдер қандай мазмұн көрініс табатынын, пайдаланушының қанша уақыт бойы белгілі бір тақырыппен айналысатынын және қандай көзқарастардың күшейтілетінін анықтайды. Осылайша, алгоритмдер халықаралық саясаттың жасырын, бірақ ықпалды қатысушысына айналды.
Mozilla Foundation (2021) зерттеуінде YouTube алгоритмдері сенсациялық, эмоционалды контентті ұсыну арқылы қолданушыны ұзақ уақыт бойы тартуға бағытталғаны көрсетілген [6]. Ал The Wall Street Journal жүргізген тергеуде TikTok-тың бірнеше минут ішінде радикалды немесе конспирологиялық мазмұндағы ақпарат ағынына итермелейтіні анықталған [7]. Мұндай алгоритмдер қоғамдық қабылдауға әсер етіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Сайлау қарсаңында немесе саяси дағдарыс кезеңдерінде әлеуметтік платформалар алгоритмдері пайдаланушыларға біржақты мазмұн ұсынып, электоралды поляризацияны арттыратыны байқалады. Сонымен қатар, платформа иелері өз алгоритмдерінің жұмыс принциптерін ашық жарияламайды, бұл жаһандық бақылау мен халықаралық құқықтық реттеуді қиындатады.
Осыған байланысты алгоритмдік ықпал халықаралық қатынастардың жаңа өлшеміне айналуда. Facebook*(*запрещено в РФ), TikTok*(*запрещено в РФ) секілді платформалар тек бизнес құрылымдар ғана емес, жаһандық саяси процестерге ықпал ететін акторлар ретінде қарастырылуы тиіс. Мұндай жағдай халықаралық стандарттар мен келісілген реттеу тетіктерінің қажеттілігін туындатады.
Жаһандық платформалардың трансшекаралық ықпалы және жалған ақпарат тарату тәуекелі күшейіп келе жатқанда, көптеген мемлекеттер үшін цифрлық егемендік мәселесі өзектілікке ие болуда. Мемлекеттер ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғау үшін шетелдік платформаларға тәуелділікті азайтып, дербес реттеу механизмдерін құруға ұмтылуда.
Қытай өзінің “кибер тәуелсіздік” тұжырымдамасына сүйене отырып, Google, Facebook*(*запрещено в РФ), Twitter*(*запрещено в РФ) сияқты шетелдік платформаларға шектеу қойып, олардың орнына Baidu, WeChat, Weibo сияқты ішкі балама платформаларды дамытты [7]. Бұл модель шетелдік ықпалдан қорғануға мүмкіндік береді, бірақ адам құқықтары мен еркіндік мәселелері бойынша халықаралық сынға ұшырайды.
Ресей де “суверенді интернет” тұжырымдамасын іске асырып, деректерді локализациялау, ұлттық платформаларды қолдау және цифрлық кеңістікті құқықтық тұрғыдан қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп отыр [8]. Алайда бұл модельдің негізгі сын-тегеуріні — шекарасыз интернеттің табиғатына қайшылық тудыратыны.
Еуропалық Одақ орта жолды таңдады: Digital Services Act (2022) аясында ірі платформаларға контенттің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттемелері жүктелген [9]. Сонымен қатар, ЕО дезинформацияға қарсы күресте фактчекинг және алгоритмдік ашықтық стандарттарын алға тартады.
АҚШ-та сөз бостандығы бірінші конституциялық құқық болып табылатындықтан, мемлекеттік араласу шектеулі. Дегенмен, Section 230 CDA туралы заңды қайта қарау мәселесі жиі көтеріліп, платформалардың контентке жауапкершілігін күшейту бастамалары айтылуда [10].
Ал халықаралық деңгейде БҰҰ мен ЮНЕСКО сияқты ұйымдар цифрлық этика, жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану және дезинформациямен күрес бағытында ұсыныстар мен стандарттар әзірлеуде. Алайда бұл ұсыныстардың міндетті күші жоқ.
Осылайша, цифрлық егемендікке қатысты әртүрлі үлгілер қалыптасып отыр. Кейбір мемлекеттер толықтай ішкі модельге сүйенсе, басқалары халықаралық нормалармен үйлесуді көздейді. Ақпараттық қауіпсіздік пен сөз бостандығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін мемлекетаралық диалог пен ортақ құқықтық негіз қажет.
Әлеуметтік медианың халықаралық қатынастар жүйесіндегі ықпалы артқан сайын, бұл платформалардың геосаяси құралға айналуы жаһандық қауымдастық алдында бірқатар жаңа міндеттер мен қауіптерді алға тартады. Әлемдік медиакеңістік қазіргі таңда бірыңғай реттеу тетіктерінің жоқтығымен, реттеу тәжірибесінің фрагменттелуімен және ұлттық мүдделер арасындағы қайшылықтармен сипатталады. Бұл жағдай цифрлық кеңістіктегі бәсекелестіктің күшеюіне және трансшекаралық ақпараттық текетірестерге алып келеді.
Негізгі сын-қатерлердің бірі — сөз бостандығы мен ақпараттық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттілігі. Дезинформация пен мақсатты манипуляцияның таралуы жаһандық тұрақтылыққа төнетін қатерге айналды. Алайда осы қауіптерге қарсы тұруда бірқатар мемлекеттер мен платформалар өздерінің реттеу құралдарын шектен тыс күшейту арқылы сөз еркіндігін шектеуге бейім. Мұндай үрдіс демократиялық құндылықтардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан халықаралық қауымдастық бұл мәселені мәдени, саяси және технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, үйлестірілген шешімдер арқылы шешуге тиіс.
Жаһандық деңгейде бірлескен әрекеттерді үйлестіру үшін БҰҰ, ЮНЕСКО, Еуропалық Одақ және басқа да аймақтық ұйымдар қатысатын көпдеңгейлі платформа қажет. Мұндай құрылым халықаралық ақпараттық қауіпсіздік нормаларын, платформалардың жауапкершілік шектерін, пайдаланушылардың құқықтарын және дербестік стандарттарын қамтитын әмбебап принциптер кешенін әзірлеуге жағдай жасайды.
Бұған қоса, алгоритмдік жүйелердің ашықтығын қамтамасыз ету, платформалардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейту және дербес деректерді қорғау да басым бағыттардың бірі болып отыр. Алгоритмдердің қалай жұмыс істейтініне қатысты түсініктің болмауы оларды манипуляциялық құралға айналдыру қаупін арттырады. Осыған байланысты ғылыми орта, техникалық сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы аса қажет.
Сондай-ақ әлеуметтік медианың саясат пен қоғамдық пікірге ықпал ету мүмкіндігіне байланысты ақпараттық ықпал құралдарын реттеу де маңызды. Бұл әсіресе сайлау процестері, дағдарыстық жағдайлар және халықаралық шиеленістер кезінде өзекті бола түседі. Осы орайда платформаларға қойылатын талаптар нақты, жария және бақылауға ашық болуы тиіс.
Болашақ халықаралық қатынастардың тағдыры цифрлық кеңістіктің сапасына тікелей байланысты. Әлеуметтік медиа бүгінгі таңда жай ғана коммуникация құралы емес, халықаралық жүйеде құндылықтар, әсер және легитимділік үшін күрестің аренасына айналып отыр. Демек, ХХІ ғасырдың әділ және орнықты ақпараттық архитектурасын қалыптастыру үшін мемлекеттер, трансұлттық компаниялар, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам арасында сенімге негізделген, теңгерімді және тиімді реттеу механизмдерін қалыптастыру — кезек күттірмейтін міндет.
Бүгінгі цифрлық дәуірде әлеуметтік медиа тек технологиялық феномен емес, сонымен бірге халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Оның демократиялық диалогты дамытудағы, қоғамдық дипломатияны ілгерілетудегі, сондай-ақ ақпараттық қақтығыстар мен дезинформация таратудың құралы ретіндегі рөлі барған сайын айқындала түсуде.
Ғылыми және саяси қауымдастықтар бұл құбылысты терең түсініп, жаңа әдіснамалар мен саясаттық тетіктерді әзірлеуі тиіс. Халықаралық құқық пен ақпараттық этика нормаларын дамыту, әлеуметтік медиа алгоритмдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, медиасауаттылықты арттыру және халықаралық кооперацияны нығайту — бұл бағытта негізгі басымдықтар болуға тиіс.
Болашақтағы жаһандық тұрақтылық пен әділ ақпараттық тәртіпке қол жеткізу үшін әлеуметтік медиа саласындағы көпжақты, инклюзивті және ғылыми негізделген тәсілдерді іске асыру қажет. Бұл — тек бір елдің не ұйымның міндеті емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі. Тек осылай ғана цифрлық ғасырда әділеттілік пен сенімге негізделген халықаралық ақпараттық жүйе құруға болады.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 3 (84) том 5
Ссылка для цитирования:
ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ: ЖАРИЯ ДИПЛОМАТИЯДАН ЦИФРЛЫҚ ГЕОСАЯСАТҚА ДЕЙІН // Журнал «Вестник науки» от 28 марта 2025 г. № 3 (84) том 5. С. 696 - 704. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/22105 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/22105
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
