АНОМАЛЬДІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ НЕГІЗІНДЕ ЗИЯНДЫ ТРАФИКТІ АНЫҚТАУ: QAKBOT ТАЛДАУЫ
Аннотация: Qakbot зиянды бағдарламасы — желі арқылы таралатын күрделі банкалық троян, ол фишинг хаттары арқылы жүйеге еніп, пайдаланушылардың құпия ақпаратын ұрлауға бағытталған. Бұл мақалада Qakbot зиянды бағдарламасының негізгі жұмыс принциптері, желі ішіндегі аномальді мінез-құлқы және анти-анализ әдістері қарастырылады. Зерттеу барысында Qakbot әрекеттері симуляция арқылы модельденіп, оның пернетақта әрекеттерін бақылау (keylogging), скриншот жасау, жүйелік ақпаратты жинау және файлсыз орындалу мүмкіндіктері зерттелді. Сонымен қатар, жүктелу тізбегі (infection chain), process hollowing техникасы, шифрланған C2 байланыс механизмі және шифрлау алгоритмдері (RC4 + Base64) егжей-тегжейлі сипатталды. Нәтижесінде, Qakbot-қа тән желілік және жүйелік аномалиялар анықталып, оларды ерте кезеңде тану үшін пайдалануға болатын индикаторлар ұсынылды. Бұл зерттеу киберқауіпсіздік жүйелерін жетілдіру және зиянды трафикті анықтау әдістерін дамыту үшін маңызды практикалық негіз береді.
Ключевые слова: зиянды бағдарлама, аномальді мінез-құлық, трафикті талдау, файлсыз орындалу, анти-анализ, пернетақта тіркеу, фишинг, C2 байланыс, инфекция тізбегі, желілік қауіпсіздік, машиналық оқыту, симуляция, киберқауіпсіздік.
КІРІСПЕ.
Соңғы жылдары цифрлық инфрақұрылымға жасалатын кибершабуылдардың күрделілігі мен жиілігі едәуір артты. Зиянды бағдарламалардың ішінде ерекше қауіпті саналатын түрлерінің бірі — Qakbot (сонымен қатар Qbot немесе Pinkslipbot деп те аталады). Бұл банкалық троян алғаш рет 2007 жылы анықталғанымен, кейінгі жылдары елеулі техникалық жетілдіруден өтіп, қазіргі таңда кеңінен таралған, көпқырлы зиянды бағдарламалардың қатарына енді.
Сурет 1.0 Qakbot шабуылдарының салалар мен елдер бойынша үлесі.
Qakbot негізінен фишингтік хаттар арқылы таралады. Trend Micro компаниясының 2020 жылғы деректеріне сәйкес (сурет 1.0), Qakbot ең көп шабуыл жасаған салалар қатарында денсаулық сақтау (28.1%), өндіріс (17.7%), мемлекеттік сектор (6.6%) және сақтандыру (5.8%) салалары бар. Географиялық тұрғыда ең көп жұқтыру жағдайлары Тайланд (23.6%), Қытай (22.8%) және АҚШ (17.3%) елдерінде тіркелген. Бұл статистика Qakbot-тың жаһандық деңгейде кең таралғанын және оның нысаналы бағытта әрекет ететінін көрсетеді.
Касперский зерттеулер желісінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың алғашқы жеті айында Qakbot-қа ұшыраған пайдаланушылар саны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға өскен және жалпы жұқтыру саны 17 316-ға жеткен. Бұл көрсеткіш Qakbot зиянды бағдарламасының белсенділігі мен қауіптілігінің үнемі артып отырғанын дәлелдейді.
Qakbot-тың басты техникалық ерекшеліктеріне keylogger арқылы пернетақта әрекеттерін тіркеу, скриншот түсіру, жүйелік ақпаратты жинау, құпия деректерді іздеу, process hollowing техникасы арқылы легитимді процестерге ену, сонымен қатар шифрланған Command and Control (C2) байланысы жатады. Ол анти-анализ әдістерін (виртуалды ортада жасырыну, динамикалық API жүктеу, қауіпсіздік құралдарын анықтау) белсенді қолдана отырып, зерттеуден және анықтаудан жалтаруға тырысады.
Осы мақалада Qakbot зиянды бағдарламасының желілік және жүйелік деңгейдегі аномальді мінез-құлқын практикалық симуляция арқылы зерттеу қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты — Qakbot-қа тән трафик пен әрекеттердің ерекшеліктерін анықтау арқылы зиянды белсенділікті ерте кезеңде анықтай алатын әдістерді ұсыну. Бұл киберқауіпсіздік жүйелерін жетілдіру және шабуылдардың алдын алу бағытында маңызды қадам болмақ.
Qakbot — күрделі және модульдік архитектураға ие зиянды бағдарлама, ол бастапқыда қаржылық деректерді ұрлауға бағытталған банкалық троян ретінде пайда болды. Жылдар бойы зиянды бағдарламаның мүмкіндіктері кеңейіп, оны киберқылмыскерлер инфрақұрылымға терең еніп, кең ауқымды зиян келтіру мақсатында қолданатын қуатты құралға айналдырды. Оның функционалына деректерді ұрлау, жүйелік ақпаратты жинау, басқа зиянды бағдарламаларды жүктеу және Command & Control (C2) серверімен шифрланған байланыс орнату кіреді.
Qakbot негізінен фишинг хаттары арқылы таралады. Мұндай хаттарға HTML немесе ZIP форматындағы файлдар тіркеледі. Қолданушы HTML файлын ашқанда, JavaScript скрипті автоматты түрде жұмыс істеп, ZIP архивін жүктейді. Бұл архив ішінде Windows шорткаты (LNK файл) жасырылады, оның сыртқы түрі зиянсыз құжат ретінде көрсетіледі. Алайда ол іске қосылған кезде cURL құралын пайдаланып зиянды компонентті жүктейді және оны regsvr32.exe арқылы орындайды. Мұндай тәсіл файлсыз орындалу (fileless execution) моделін қолданады, мұнда зиянды код операциялық жүйенің жадысында сақталып, қатты дискте із қалдырмай жұмыс істейді.
Зиянды бағдарлама жүйеге енгеннен кейін бірқатар әрекеттер орындайды. Атап айтқанда, Qakbot пайдаланушы әрекеттерін бақылайды, пернетақтада терілген ақпаратты тіркейді (keylogger), әрбір 10 секунд сайын скриншот түсіреді, белсенді терезелерді қадағалайды және құжаттар ішінен “password”, “account” сияқты кілт сөздер арқылы құпия ақпарат іздейді. Сонымен қатар, жүйе туралы толық мәлімет жинайды, оның ішінде операциялық жүйе түрі, антивирустық шешімдер, IP мекенжай, желілік конфигурациялар және белсенді процестер бар.
Qakbot өзінің C2 серверімен тұрақты байланыс орнатады. Бұл байланыс шифрланған түрде жүзеге асады — алдымен RC4 алгоритмімен шифрланып, кейін Base64 форматына түрлендіріледі. Жиналған ақпарат JSON пакеті түрінде серверге жолданады. C2 серверден қосымша модульдер мен командалар алынып, жұқтырылған жүйеде кейінгі әрекеттер орындалады.
Анықтаудан жалтару мақсатында Qakbot анти-анализ техникаларын қолданады. Бағдарлама виртуалды ортада жұмыс істеп тұрғанын анықтай алады, сонымен қатар Wireshark, ProcessHacker сияқты қауіпсіздік құралдарының жұмысын бақылайды. Мұндай жағдай анықталса, ол күдікті белсенділікті тоқтатады немесе мүлдем әрекет етпей, зерттеушілерді адастырады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ.
Зерттеу аясында Qakbot зиянды бағдарламасының негізгі функциялары модельденіп, Python тілінде қарапайым симуляция түрінде жүзеге асырылды. Бұл тәсіл шынайы зиянды кодпен жұмыс істемей-ақ оның әрекеттерін бақылауға және түсінуге мүмкіндік береді. Симуляция үш негізгі функционалдық блокты қамтыды: пернетақта әрекеттерін бақылау (keylogger), экран скриншоттарын түсіру және белсенді терезелерді қадағалау.
Сурет 1.1. Пернетақта жазу бақылауы.
Keylogger (Сурет 1.1). Keylogger модулі пайдаланушы енгізген пернелерді тіркеп, оларды keylog.txt атты файлға сақтайды. Бұл әдіс шабуылдаушыға пароль, несие картасының нөмірі немесе басқа құпия ақпаратты ұрлауға мүмкіндік береді. Симуляцияда Python тіліндегі pynput кітапханасы арқылы пернетақта әрекеттері бақыланды.
Сурет 1.2. Скриншот жасау.
Скриншот жасау (Сурет 1.2). Әр 10 секунд сайын экран скриншоты түсіріліп, арнайы screenshots/ директориясына сақталды. Бұл әдіс пайдаланушының визуалды интерфейсін бақылап отыруға мүмкіндік береді, мысалы, банк сайттарындағы транзакциялар немесе құпия құжаттармен жұмыс кезінде. Скриншоттарды түсіру үшін pyautogui кітапханасы қолданылды.
Сурет 1.3. Белсенді терезелерді бақылау.
Белсенді терезелерді бақылау (Сурет 1.3). Симуляцияда жүйенің белсенді терезесі 5 секунд сайын тексеріліп, өзгерістер болған жағдайда process_log.txt журналына жазылды. Бұл функция арқылы шабуылдаушы нақты қай қолданбалармен немесе сайттармен жұмыс жүріп жатқанын анықтай алады.
Сурет 1.4. Белсенді терезелерді бақылау.
Құпия деректерді іздеу (Сурет 1.4). Қосымша модульдер құжаттар каталогын шолып, “password”, “bank”, “login” сияқты кілт сөздер бар файлдарды анықтауға тырысты. Құпия ақпарат анықталған жағдайда, пайдаланушыға графикалық терезе арқылы ескерту көрсетілді (Qakbot шынайы жағдайда мұндай хабарлама жасамайды, бұл зерттеу мақсатында қосылған визуализация болды).
Сурет 1.5. Жүйелік ақпаратты жинау.
Жүйелік ақпаратты жинау (Сурет 1.5). Симуляцияда Windows операциялық жүйесі туралы ақпарат, IP мекенжай, компьютер аты, орнатылған антивирустық шешімдер және белсенді процестер тізімі анықталды. Бұл деректер зиянды бағдарламаның C2 серверге жүйенің профилін жіберу үшін қолданылады. Жиналған ақпарат графикалық түрде көрсетілді.
Qakbot-тың жұқтыру процесі бірнеше күрделі кезеңдерден тұрады және оның сәтті жүзеге асуы көп деңгейлі техникалық шешімдерге негізделген. Бұл бөлімде жұқтыру сызбасының техникалық егжей-тегжейі мен анти-анализ қабілеттері сипатталады.
Сурет 2.0. Infection Chain.
Жұқтыру сызбасы (Сурет 2.0). Зиянды бағдарламаның шабуылы фишингтік хатпен басталады. Электрондық хат құрамында HTML немесе PDF форматына ұқсас зиянсыз болып көрінетін құжат болады. HTML файл ашылғанда, JavaScript коды пайдаланушының құрылғысына ZIP архивін автоматты түрде жүктейді. Бұл архив ішінде .LNK кеңейтімі бар Windows шорткаты болады, ол сырт көзге Word немесе PDF құжатқа ұқсас иконкамен көрсетіледі.
Сурет 2.1. Жұқтыру сызбасы.
Сурет 2.1. .LNK іске қосылғанда, cmd.exe арқылы cURL утилитасы пайдаланылып, зиянды компонент (мысалы, .ocx немесе .dll файл) қашықтағы серверден жүктеледі. Бұл файл жүйеде тікелей орындалмайды, оның орнына regsvr32.exe көмегімен іске қосылады. Бұл тәсіл Windows жүйесінде заңды құралдарды пайдалана отырып шабуыл жасауға мүмкіндік береді және антивирустардан жасыру мүмкіндігін арттырады.
Сурет 2.2. Fileless Execution.
Файлсыз орындалу (). Qakbot жүйеге файл түрінде емес, жад ішінде еніп, жұмыс істейді. Жүктелген зиянды код дискіге жазылмай, тікелей процесс жадына енгізіледі. Бұл тәсіл антивирустық шешімдерге анықтауды қиындатады және із қалдырмауға мүмкіндік береді.
Сурет 2.3. Hollowing әдісі.
Process Hollowing әдісі (Сурет 2.3). Qakbot жиі қолданатын тәсілдердің бірі — process hollowing. Бұл әдіс легитимді Windows процессін (мысалы, OneDriveSetup.exe) бастау арқылы орындалады, кейін ол процесс тоқтатылып, оның жадына зиянды код енгізіледі және қайтадан іске қосылады. Бұл ретте сырт көзге жүйе заңды процессті орындайтындай болып көрінеді, алайда шын мәнінде зиянды код жұмыс істеп жатады.
Сурет 2.4. Анти-анализ.
Анти-анализ әдістері. Qakbot зерттеушілер мен қауіпсіздік мамандарынан жасырынып қалу үшін анти-анализ әдістерінің кең спектрін қолданады:
Виртуалды ортаны тексеру – Qakbot жүйеде VirtualBox, VMware сияқты виртуализация белгілерін анықтауға тырысады,
Қауіпсіздік құралдарын байқау – Wireshark, Process Hacker, Sysinternals құралдарының бар-жоғын бақылайды,
Уақытша кідіріс (sleep) – бағдарлама бірнеше минут бойы ешқандай әрекет етпей отыруы мүмкін, бұл автоматты талдауды айналып өтудің бір әдісі,
Динамикалық API – кейбір функциялар тікелей кітапханалардан емес, жүктеу кезінде динамикалық түрде шақырылады.
Qakbot зиянды бағдарламасының функционалындағы маңызды элемент — Command and Control (C2) серверімен шифрланған байланыс. Бұл байланыс шабуылдаушыға жұқтырылған жүйені басқаруға, қосымша зиянды модульдер жүктеуге және ұрланған мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Трафикті талдау — Qakbot мінез-құлқын ерте сатыда танудың ең тиімді жолдарының бірі.
Сурет 2.5. C2 серверімен байланыс және деректерді тасымалдау.
Байланыс орнату процесі (Сурет 2.5). Жұқтырылған жүйеде зиянды компонент іске қосылғаннан кейін, ол алғашқы әрекеттерінің бірі ретінде жүйелік ақпаратты жинайды (операциялық жүйе, hostname, IP, антивирустық бағдарлама, активті процестер). Бұл мәліметтер JSON форматында құрылып, C2 серверге жолданады.
Мәліметтер шифрлау үшін алдымен RC4 алгоритмі қолданылады, содан кейін нәтижесі Base64 форматында кодталады. Бұл — трафиктің қарапайым көзге бейтарап болып көрінуіне мүмкіндік береді және көптеген желілік қауіпсіздік жүйелерінен жасыруға көмектеседі.
Желілік трафик сипаттамалары. Qakbot-тың трафигі, әдетте, келесідей сипаттамаларға ие:
HTTP POST сұраныстары арқылы мәлімет жібереді (кейде TLS көмегімен)
User-Agent жолы жалған болуы мүмкін немесе нақты жүйеге бейімделген
Пакет көлемі — 400–700 байт аралығында (C2 деректерді қысқа JSON ретінде жібереді)
Деректер жүктеу үшін қолданылатын жол — жиі кездеспейтін жолдар (мысалы: /datapipe, /news.php, /sync/config/)
C2 серверлер жиі ауысып отырады (Fast Flux DNS немесе Domain Generation Algorithm арқылы).
Байланыс циклдары және командалар. C2 серверден жауап келгеннен кейін жүйеге келесі командалар түсуі мүмкін:
Қосымша модульдерді жүктеу (мысалы: криптожелілік бот, web-inject модульдері)
Мәлімет жіберу интервалын орнату
Жаңа нұсқаға жаңарту
Құпия ақпаратты нақты мақсатқа бағыттап көшіру.
Бұл командалар да шифрланған түрде жіберіледі және тек зиянды кодтың ішкі логикасы арқылы шешіледі. Желідегі стандартты трафиктен ерекшеленуі олардың аномалия ретінде танылуына мүмкіндік береді.
Анықтау индикаторлары (IoC – Indicators of Compromise). Желілік деңгейде келесі белгілерге назар аудару арқылы Qakbot белсенділігін анықтауға болады:
Күдікті IP немесе домендерге тұрақты байланыс орнату
Түсініксіз URL жолдары мен шағын JSON POST сұраныстары
RC4+Base64 шифрлау үлгілерінің байқалуы
HTTP трафиктің мөлшерлік паттерндері (көлемі біркелкі, бірақ жиі қайталанатын).
Осы IoC көрсеткіштері Snort немесе Suricata ережелері арқылы IDS/IPS жүйелеріне енгізіліп, автоматты түрде ескерту жүйелерін іске қосуға негіз бола алады.
ҚОРЫТЫНДЫ.
Жүргізілген симуляциялық зерттеу Qakbot зиянды бағдарламасының ішкі логикасын, әрекет ету механизмін және желілік белсенділігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Практикалық бөлімде модельденген функциялар — пернетақта әрекеттерін бақылау, скриншот жасау, белсенді терезелерді тіркеу, жүйелік ақпаратты жинау және құпия деректерді іздеу — зиянды кодтың нақты жүйеде қалай жұмыс істейтінін көрсетуге көмектесті. Бұл функционалдар Qakbot-тың желідегі және жүйелік деңгейдегі аномальді мінез-құлқын тануда маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ жұқтыру тізбегін талдау барысында зиянды компоненттің жүйеге заңды Windows құралдары арқылы ену әдісі және файлсыз орындалу механизмі көрсетілді. Мұндай тәсілдер Qakbot-тың анықталуын қиындатып, антивирустық жүйелерден жасыруға көмектесетінін дәлелдеді.
Желілік трафикті талдау арқылы C2 байланысының құрылымы мен шифрлау логикасы ашылып, нақты индикаторлар анықталды. Бұл трафиктегі аномалияларды автоматты түрде табу үшін IDS жүйелеріне енгізілетін ережелердің негізін құрай алады.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері практикалық мақсатта қолдануға жарамды: зиянды белсенділікті ерте анықтау үшін нақты көрсеткіштер, сценарийлер және талдау әдістері ұсынылды. Модельдеу барысында қойылған басты мәселе — Qakbot-тың желі мен жүйедегі аномальді мінез-құлқын анықтау — сәтті шешімін тапты.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 4 (85) том 3
Ссылка для цитирования:
АНОМАЛЬДІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ НЕГІЗІНДЕ ЗИЯНДЫ ТРАФИКТІ АНЫҚТАУ: QAKBOT ТАЛДАУЫ // Журнал «Вестник науки» от 20 апреля 2025 г. № 4 (85) том 3. С. 1212 - 1225. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/22498 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/22498
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
