ШИЕЛІ АЙМАҒЫНДАҒЫ СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ РАДИОНУКЛИДТЕРМЕН ЛАСТАНУЫ
Аннотация: Шиелі аймағындағы Сырдария өзен суының радионуклидтермен ластануы үлкен экологиялық проблема. Жұмыста өзен суларында радионуклидтердің пайда болу себептері, соның ішінде тау-кен қалдықтары, рұқсат етілмеген төгінділер және радиоактивті материалдар қоймаларынан ағып кету сияқты техногендік көздер қарастырылады. Су құрамындағы радионуклидтердің құрамына талдау жасалып, радиациялық фон деңгейлері және радиоактивтігі жоғары аймақиарды анықтауға мүмкіндік береді. Радиациялық ластанудың адам денсаулығына, аграрлық экожүйелерге және аймақтың биоәртүрлілігіне әсеріне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ мониторинг жүйелерін жетілдіруді және зардап шеккен учаскелерді экологиялық оңалту қажеттілігін қоса алғанда, одан әрі ластанудың алдын алу жөніндегі шаралар қаралады
Ключевые слова: Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, радиоактивтілік, α-активтілік, β-активтілік, радиоактивті ластану.
Кіріспе.
Сырдария өзені- Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағы арқылы ағып, Арал теңізіне барып құятын Орталық Азиядағы ең ірі су артерияларының бірі. Өзеннің жалпы ұзындығы шамамен 2,212 км, ал бассейн шамамен 219,000 км2 аумақты қамтиды. Ол Ферғана алқабында Нарын мен Қарадария өзендерінің түйісуінен басталып, батысқа қарай Арал теңізіне құяды. Сонымен қатар, Сырдария өзені халық пен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Алайда, соңғы онжылдықтарда өнеркәсіптік қалдықтарды төгу, ауылшаруашылық ағындары және радиоактивті ластануды қоса алғанда, антропогендік факторлардың әсерінен өзендегі судың сапасы айтарлықтай нашарлады. Қызылорда мен Түркістан облысы тұрғындары арасында сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі байқалады, тұрғындардың, оның ішінде балалардың денсаулық жағдайының барлығының дерлік медициналық көрсеткіштері Республика бойынша орташа статистикалық көрсеткіштерден төмен. Өңірдегі сырқаттанушылықтың жоғары деңгейінің негізгі себептерінің бірі Сырдария өзені бассейніндегі күрделі экологиялық және радиоэкологиялық жағдай болып табылады.
Қазақстандағы Сырдария өзенінің радиоактивті ластануы ең алдымен уран өндіру жұмыстарымен байланысты. Бұл аймақта ең маңызды және аз зерттелген – Қаратау жотасы және оның сілемдерінде едәуір уран кенінің болуы және оны өндіру мен өңдеумен байланысты қарқынды өндірістік жұмыстардың жүргізілуі. Сонымен қатар, көптеген уран кен орындары сирек кездесетін және дисперсті элементтердің өте жоғары концентрациясымен сипатталатын көміртекті, кремнийлі шөгінділерімен байланысты. Адамдар үшін қауіпті V, Cr, Co, As, Se, Hg, Th және U сияқты элементтер бұл жыныстардан сумен оңай шайылады. Олар Сырдарияға көп мөлшерде шайылып, нәтижесінде оның радионуклидтермен, ауыр металдармен және улы элементтермен ластануы мүмкін. Бұл процеске уранмен байланысты өндірістік қызмет, әсіресе жер асты шаймалау ықпал етеді [1,2].
Сырдария өзенінің сулары адам үшін жағымсыз ғана емес, сонымен қатар радиоактивті ластануына байланысты тұрмыстық және ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз болуы мүмкін. Сырдарияның ауыр металдармен ластануы ең үлкен алаңдаушылық туғызады, өйткені жер үсті және жер асты суларының ластануы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының (ДДҰ) ауыз су жөніндегі талаптарынан асып түседі. Сондай-ақ Сырдария суын ауыл шаруашылығы және тұрмыстық мақсатта пайдалануға болмайтыны анықталды [2]. Сонымен қатар, қауіп-қатер Орталық Азияның төменгі ағысындағы жер үсті суларында айтарлықтай жоғары екендігі анықталды. Атап айтқанда, уран өндіруден туындаған судың ластануы Сырдария маңындағы тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Экологиялық проблемалардың бірі – Сырдария өзен суының радионуклидтермен ластануы, бұл уран өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібімен, сондай-ақ өңірде радиоактивті қалдықтардың жиналуымен байланысты.
Әдеби мәліметтерге сәйкес Сырдария өзен суының радионуклидтермен ластануы бірнеше негізгі көздерге байланыстылығын атап айтуға болады:
– Тарихи апаттар мен радиоактивті қалдықтар: 1958 жылы Майлуу-Суу қаласында қалдық бөгеті бұзылып, өзенге шамамен 600 000 м3 радиоактивті қалдықтар түсіп, төмен қарай таралып, Өзбекстан мен Ферғана алқабының аумақтарына әсер етті.
– Ластанған салалар: Келес және Арыс өзендері сияқты Сырдарияның кейбір салалары негізгі арнаның радиоактивті ластануына ықпал етеді. Зерттеулер көрсеткендей, бұл салалар радионуклидтерді тасымалдайды, мүмкін олардың бойында орналасқан өндірістік нысандар мен қалдық қоймаларына байланысты болуы мүмкін.
– Уран қалдық қоймалары және тау-кен өнеркәсібінің қалдықтары: Сырдария бассейнінде бұрынғы уран кеніштері мен уран өңдеу кәсіпорындары орналасқан. Мысалы, Шиелі ауданында ПВ-6 уран өнеркәсіп орнында және Қырғызстандағы Майлуу-Сууда құрамында радиоактивті қалдықтар бар қалдық қоймалары бар. Бұл нысандар радионуклидтердің су ресурстарына ықтимал эрозиясы мен енуіне байланысты қауіп төндіреді.
– Қазіргі заманғы уран өндірістері: 1986 жылдардың басынан бастап Қазақстанда Заречное, Хорасан және Ирколь кен орындарында уранды өнеркәсіптік өндіру басталды. Мониторинг Сырдария өзен суларында радионуклидтер деңгейінің жоғарылауын көрсетті, бұл осы кәсіпорындардың қызметімен байланысты.
– Төтенше жағдайлар мен қалдық қоймаларының бөгеттерінің бұзылуы, су тасқыны және жер сілкінісі радиоактивті элементтердің өзенге түсуіне әкелуі мүмкін.
– Техногендік факторлар-құрамында радионуклидтер бар өнеркәсіптік және тұрмыстық ағындардың төгілуі де судың ластануына ықпал етеді [1,3,4].
Нәтижелер мен талқылау.. Cынамалар Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарғалы ауылдық округі және Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылдық округі және Тұрсынбай датқа ауылы маңында Сырдария өзен суларынан алынды.
Кесте 1. Қарғалы және Жаңарық ауылдық округінен алынған сынамалардың жалпы альфа және бета активтілігі.
|
Үлгі |
A-alfa, Bq/L + err |
A-beta, Bq/L+err |
|
ШРК |
0,1 |
1,0 |
|
Шиелі ауданы, Қарғалы ауылдық округі, 21.10.24 ж. |
0,37 ± 0,06 |
0,08 ± 0,01 |
|
Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылдық округі, 28.10.24 ж. |
0,65 ± 0,11 |
0,12 ± 0,02 |
Кесте 2. Қарғалы ауылдық округі және Тұрсынбай датқа ауылынан алынған сынамалардың жалпы альфа және бета активтілігі.
|
Үлгі |
A-alfa, Bq/L + err |
A-beta, Bq/L+err |
|
ШРК |
0,1 |
1,0 |
|
Шиелі ауданы, Қарғалы ауылдық округі, 13.02.25 ж. |
0,79 ± 0,13 |
0,66 ± 0,11 |
|
Жаңақорған ауданы, Тұрсынбай датқа ауылы, 13.02.25 ж. |
0,27 ± 0,05 |
0,48 ± 0,08 |
Кестедегі мәліметтерге қарап β-активтілік нормаға сай екенін, ал α-активтілік мәндері ШРК-дан артық екендігін көруге болады. 2024 жылы қазан айында Қарғалы және Жаңарық ауылдық округтерінен алынған сынама құрамында α-активтілік ШРК-дан 3,7 және 6,5 есе артық, ал 2025 жылы қаңтар айында Қарғалы ауылдық округінен және Тұрсынбай датқа ауылынан алынған сынамаларда ШРК-дан 7,9 есе және 2,7 есе артық, яғни қыс мезгілінде күз мезгілімен салыстырғанда біршама артық екені байқалды.
Кесте 3. Сынама құрамынан анықталған U-238, U-234 және U-234/U-238 изотоптарының радиоактивтілік нәтижесі*
|
№ |
Үлгі аты |
Шығым |
U-238 Бк/л |
U-234 Бк/л |
U-234/U-238 |
|
1 |
Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылдық округі, 21.10.24 ж. |
68% |
0,14211 |
0,20151 |
1,42 |
|
2 |
Шиелі ауданы, Қарғалы ауылдық округі, 28.10.24 ж. |
67% |
0,18056 |
0,24479 |
1,36 |
*-талдаулар "Ядролық физика институты" ШЖҚ Республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесе анықталды.
Радионуклидтердің қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына кері әсері орасан зор. Уран (U-238), радий (Ra-226) және торий (Th-232) сияқты радионуклидтер суда, су түбінде және биологиялық организмдерде жиналуы мүмкін. Олар өзен экожүйесіне және адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Сынамалар құрамынан радиохимиялық альфа-спектрометриялық әдіспен уран изотоптарының (238U, 234U, 235U) көлемдік белсенділігі, төмен фонды альфа – бета – радиометрлерді пайдаланып жиынтық альфа-бета-белсенділік және радионуклидтердің сипаттамалық гамма-сәулеленуі анықталды.
Осы радионуклидтердің сәулелерінің спектрлері төмендегі суретте келтірілді:
Сурет 1. Альфа спектр.
Сурет 2. Жалпы гамма спектрлер.
Организмдердің радиациямен ластануы мына себептерге байланысты болады:
- Биологиялық жинақтау – радионуклидтер балдырларда, балықтарда және басқа су организмдерінде жиналып, олардың қоректік тізбектерге енуіне әкеледі,
- Халықтың радиациялық сәулеленуі – ластанған су мен балықты тұтыну ішкі сәулеленуге әкелуі мүмкін, бұл онкологиялық ауруларды, мутацияларды және ішкі ағзалардың зақымдалуын тудырады,
- Топырақ пен дақылдардың ластануы – ластанған суды пайдаланатын суару жүйесі топырақта радионуклидтердің жиналуына әкеледі, бұл өсірілетін өнімнің сапасына теріс әсер етеді.[4-6]
Сырдария өзен суының одан әрі ластануын болдырмау үшін мынандай жұмыстар жүргізу керек:
- Ескі уран кеніштерінің қалдық қоймаларын және уран кеніші ұңғымаларына тұрақты түрде мониторинг жасау,
- Өндірісте қалдық сулар үшін сорбциялық сүзгілер және ион алмасу сияқты технологияларды радионуклидтерден суды тазарту үшін енгізу қажет,
- Сырдария өзеніне өндірістік қалдықтар құятын өнеркәсіптер мен кәсіпорындарға экологиялық бақылауды күшейту керек,
- Ластанған аумақтарды қалпына келтіру үшін өнеркәсіп мекемелерімен, қоғамдық мекемелермен бірлесіп кешенді экологиялық бағдарламалар жасап, оны жергілікті мекенде жүзеге асыру қажет
Қорытынды.
Алынған талдау нәтижелері бойынша α-активтілік Қарғалы ауылында 3,7 есе, Жанарық ауылдық округінде 6,5 есе және Қарғалы ауылында 8,0 есе, Тұрсынбай датка ауылында 2,7 есе белгіленген нормадан артық екендігі анықталды.
Сынама құрамынан анықталған U-238, U-234 радионуктидтерінің белсенділік көрсеткіштерін пайдалана отырып, U-234/U-238 қатынасы анықталды. Бұл қатынас мәні 1,0-ден жоғары болып, өзен суының ластануы техногендік факторларға байланысты екендігін көрсетті.
Сырдария өзен суының радионуклидтермен ластануына себепкер антропогендік және техногендік әсерлермен қатар, осы Шиелі ауданында орналасқан уран өнеркәсіп орындарының әсері деуге болады.
Сырдария өзен суының радионуклидтермен ластануы кешенді тәсіл мен халықаралық ынтымақтастықты талап ететін күрделі экологиялық проблема. Бұл мәселені шешу өнеркәсіптік нысандарды жаңартуды, қалдықтарды тиімді мониторинг жасауды және суды тазарту технологиияларын енгізуді талап етеді.
Қорыта келе, жергілікті экологиялық мекемелермен, өндіріс орындарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жағдайда ғана өңірдің су ресурстарының ластанбауын қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығына әсер тигізетін радиациялық қатерді барынша азайтуға мүмкіндік жасауға болады.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 4 (85) том 3
Ссылка для цитирования:
ШИЕЛІ АЙМАҒЫНДАҒЫ СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ РАДИОНУКЛИДТЕРМЕН ЛАСТАНУЫ // Журнал «Вестник науки» от 20 апреля 2025 г. № 4 (85) том 3. С. 1226 - 1234. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/22499 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/22499
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
