'
Асылсеитова А.А.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ЖЕТІЛДІРУ *
Аннотация:
мақалада қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы заңдарға талдау жасалып, заңның іс жүзінде қолданылуына ғылыми-құқықтық тұрғыдан баға берілді және осы аталған саладағы мәселелерді шешуге ұсыныстар берілді.
Ключевые слова:
қылмыстық процесс, қатысушылар, қауіпсіздік, айыпталушы, күдікті.
Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласын реттейтін негізгі арнайы нормативтік акт 5 шілде 2000 жылы қабылданған «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» ҚР Заңы болып табылады [1]. Аталған заңды жан-жақты талдау, қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адамдардың және олардың жақын туыстарының өмірін, денсаулығын, мүлкін, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған нақты шаралар жүйесі қалыптасқанын көрсетіп отыр.
Аталған Заңның маңыздылығына қарамастан, біздің ойымызша бұл нормативтік актіде, қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттің тиімді қызметіне кедергі жасайтын олқылықтар кездесетінін атап өткен дұрыс.
Заңның 3 бабында құқыққа қайшы әсер етулерден мемлекеттік қорғауға жататын тұлғалар ішінде «сот орындаушысы» туралы көрсетілмеген, бұл жағдай, аталған қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың өздерінің процессуалдық құқықтары мен міндеттерін атқару барысында мемлекет тарапынан қорғалмағанын растайды.
Бұл Заңда қорғалатын тұлғаларға қатысты қауіпсіздік шараларын қолданудың нақты негіздері көрсетілмеген. Заңның 4-бабында «мемлекеттік қорғау жеткілікті негіздер болғанда қолданылады» деп жалпы түрде айтылған. ҚР-ның бірде-бір нормативтік актісінде «жеткілікті негіздер» деген ұғымды қалай түсіну керектігі көрсетілмеген.
Заңның 29-бабына сәйкес, мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалды-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Яғни, қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау, құқық қорғау органдарына көмек көрсететін республикалық қорлардан немесе қорғауға жататын тұлғалар өтініш білдірген жағдайда, олардан қаржы алуды шектейді. Себебі, Заңның аталған бабы императивтік сипатта жазылған.
Заңның 10-бабы бойынша, қылмыстық процесті жүргізуші орган ҚР ҚПК-не сәйкес, құқыққа қайшы әрекеттерді іске асырамын деп қорқыту жасаған айыпталушыға (күдіктіге) қатысты бұлтартпау шарасын қолдануды көздейді. Бірақ, заңшығарушы көп жағдайларда, мұндай заңсыз әрекеттерді айыпталушы немесе күдікті тікелей өздері емес, басқа да тұлғалар арқылы іске асыратынын ескермеген. Сондай-ақ онда тек қорқыту болғанда ғана бұлтартпау шарасын қолдану туралы айтылған. Өзге де тәсілдермен қылмыстық іс жүргізуге қатысушыға әсер еткен жағдайда, бұл шараны қолдану көзделмеген.
Заңда қылмыстық процеске қатысушы адамдардың ішінде кәмелетке толмағандар, психикалық немесе дене кемшіліктері бар тұлғаларға арналған қауіпсіздік шаралары бөлек атап көрсетілмеген. Мұндай санаттағы қатысушылар басқа қатысушылармен салыстырғанда, арнайы қауіпсіздік шараларының болуын қажет етеді.
Айтылғандарға талдау жасай отырып, «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» ҚР Заңына бірқатар өзгерістер енгізу арқылы, атап кеткен олқылықтарды жою қажет, деген қорытынды жасауға болады.
Бұл үшін, ең алдымен, осы салада жұмыс істейтін өкілетті органдардың қызметінің тиімділігін арттыратын ведомстволық актілерді шығару қажет. Мұндай актілер «жабық» түрде де болуы мүмкін, және қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты тиісті мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың нақты қауіпсіздік шараларын қолдану және ұйымдастыру механизмін тікелей реттейтін болуы қажет [2, 15б].
Аталған ведомстволық актілерде, қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғаларды мемлекеттік қорғауды жоспарлау мен жүзеге асырудың нысандары, әдістері және тәсілдері қарастырылуы тиіс. Бұл аталғандарды «Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы» ретінде қарастырған дұрыс. Бұл бағдарламаның мазмұны төменде аталғандарды қамтиды, яғни қылмыстық процеске қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар, өз қызметін жүзеге асыруда төменде аталған талаптарды орындауы қажет:
Қорғалатын адамдарды қауіпсіздік шараларын қолдануға үйрету қажет:
а) арнайы құралдарды, байланыс және дабыл қаққыш құралдарын, қаруды қолдануды үйрету, б) қарусыз қорғану тәсілдерін, күнделікті қоршаған ортада қауіптің қайдан төну мүмкіндіктерін және оларды анықтау тәсілдерін үйрету,
Қорғалатын тұлғаға қатысты қауіп төндіретін әрекеттер жасалғанда, қорғауды қамтамасыз ететін тұлғалар төмендегі бастапқы және кейінгі әрекеттерді іске асыруы тиіс:
а) заңсыз іс-қимылдардың ізін кесу, ә) қорғалатын тұлғаға қастандық әрекеті жасалу туралы ақпаратты алғанда, оған дереу хабарлау, б) жедел-тергеу тобын оқиға орнына шақыру, в) қорғалатын тұлғаға қастандық жасалған орында қалған іздердің сақталуын қамтамасыз ету, г) оқиғаны көрген тұлғаларды анықтап, жедел-тергеу тобы келгенге дейін сұрау алу, д) куәлардан және жәбірленушілерден қастандық жасаған тұлғалар туралы мәліметтер алу, е) жәбірленуші тұлғаға психологиялық көсек көрсету, ж) қорғалатын тұлға туралы ақпараттың қастандық жасаушыларға қалай белгілі болғанын анықтау.
Қорғалатын тұлғаның жеке басы, оның күн тәртібі туралы ақпараттың қастандық жасаушыларға қалай жеткендігін анықтаудың маңызы зор, себебі осы мәселені анықтай отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету заңмен жүктелген органдарының ішінде іске мүдделі тұлғаларды анықтауға болады [56, 305б.].
Жоғарыда аталған талаптарды орындау жүктелген органдарды анықтаудың тәжірибелік маңызы бар.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, ҚР ІІМ-нің Криминалдық полиция департаментінің жанынан қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау бөлімі құрылып, облыстық Полиция басқармаларында аталған бөлімнің құрылымдық бөлімшелерін құру көзделген болатын. Алайда, мұндай бөлімшелердің қызметі төмендегі себептерге байланысты қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмай отыр:
1) аталған мәселе ІІМ-нің жергілікті органдарында толық зерттелмеген,
2) заңдармен көзделген қауіпсіздік шаралары тәжірибеде өте сирек қолданылады,
3) қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты тергеу және жедел-іздестіру қызметкерлерінің өзара қызмет ету тәжірибесі жеткіліксіз [57, 87б.].
Аталған органдардың процессуалдық шешімдерін орындау барысында қылмыстық процеске қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді атқаратын орган қауіпсіздік шараларын қолданудың әдістері мен тактикасын, күштері мен құралдарын өздері анықтауы тиіс.
Номер журнала Вестник науки №5 (86) том 4
Ссылка для цитирования:
Асылсеитова А.А. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ЖЕТІЛДІРУ // Вестник науки №5 (86) том 4. С. 2340 - 2345. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/23569 (дата обращения: 19.07.2025 г.)
Вестник науки © 2025. 16+
*