ПЕДАГОГТЫҢ КӘСІБИ ДАМУ ТӘСІЛДЕРІ
Аннотация: Бұл мақалада педагогтың кәсіби дамуының мәні мен маңызы, сондай-ақ оны жүзеге асырудың заманауи тәсілдері қарастырылады. Автор педагогтың үздіксіз білім алуы, инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруі мен кәсіби құзыреттілігін арттыру жолдарын талдайды.
Ключевые слова: кәсіби даму тәсілдері, кәсіби өсу, құзыреттілік.
Кәсіби даму – бұл адамның өз мамандығы аясында үздіксіз білімін жетілдіру, дағдыларын дамыту және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үдерісі. Заманауи қоғамда кәсіби даму – табысты мансаптың негізгі кепілі. Ол тек жаңа білім алумен шектелмейді, сонымен қатар тәжірибе жинақтау, өз саласындағы жаңалықтармен танысу, жаңа технологияларды меңгеру және кәсіби желіні кеңейту сияқты бағыттарды қамтиды.Кәсіби дамудың басты мақсаты – маманның өз ісінде тиімді әрі бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Сондықтан әр адам өз әлеуетін арттыру үшін өмір бойы үйренуге және жетілуге дайын болуы қажет.Кәсіби даму – білім, білік және дағдылардың сапасы мен көлемін арттыруға бағытталған саналы қызмет.
Бұл бағыттағы зерттеулерде А.Л. Катков[1], Тұрғынбаева Б.А. [2] кәсіби даму ұғымы көбіне тұлғаның кәсібилігі және кәсіби қызметтің кәсібилігі ұғымдарымен синоним ретінде қарастырылады.Ғылыми әдебиетте «кәсіби даму» және «кәсіби өсу» ұғымдары жиі синоним ретінде қолданылады. Дегенмен, кей авторлар бұл екі ұғымды толықтай тең деп санауды дұрыс емес деп есептейді.Кәсіби даму – бұл жүйелі беку, білім саласында жетілу және кеңею, тұлғалық сапалардың дамуы, жаңа кәсіби білімдер мен дағдыларды меңгерудегі қажеттілік, өзінің барлық еңбек жолында белгілі міндеттерді атқара білу.Кәсіби өсу – тұлғаның ішкі даму мотиваторы, ал кәсіби даму – педагогтың саналы түрде өз кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталған жауапкершілікті іс-әрекеті. Кәсіби даму нәтижесінде педагог өзінің кәсіби қабілеттері мен дағдыларының жоғары деңгейін бүкіл еңбек қызметі барысында сақтай алады.Кәсіби даму педагогтың кәсіби маңызды жеке қасиеттері мен қабілеттерінің, білімдері мен дағдыларының интеграциясы мен жетілуін қамтиды.
Бұл – педагогтың тұлғалық сапалық өзгерістерін, оның кәсіби өзіндік санасының тереңдеуін қамтамасыз ететін үдеріс.Педагогтың кәсіби дамуы – бұл оның тәжірибесін жинақтау мен өзінің педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде талдау және жетілдіру нәтижесінде жүзеге асатын кәсіби өсуі. Ұзақ уақыт бойы педагогтардың кәсіби дамуының негізгі формалары «біліктілікті арттыру курстары» мен «өндірістен қол үзбей оқыту» түрінде жүзеге асырылып келді. Бұл семинарлар мен қысқа мерзімді курстар педагогтарға кәсіби қызметінің нақты бір аспектісі бойынша жаңа білім мен ақпарат ұсынуға бағытталған болатын.Соңғы жылдары педагогтардың кәсіби дамуы ұзақ мерзімді, үздіксіз үдеріс ретінде қарастырылып отыр. Ол педагогтың кәсіби өсуі мен дамуына ықпал ететін барлық мүмкіндіктер мен жүйелі түрде ұйымдастырылған білім беру тәжірибесін қамтиды. Н.М.
Борытконың [3] пікірінше, кәсіби даму үздіксіз және мақсатты түрде өз біліктілігін жетілдіруге, жеке кәсіби-педагогикалық әлеуетін арттыруға бағытталған қызметті көздейді. Бұл педагогикалық шығармашылықтың жоғары деңгейіне – авторлық әдістемелер мен жүйелерді әзірлеуге алып келеді.И.А. Колесникова [4] педагогикалық қызметтің жоғарғы деңгейін педагогикалық инновациямен байланыстырады. Ол жаңа идеялар мен әдістерді оқу үдерісіне енгізуді және олардың тиімділігін сынақтан өткізуді қамтиды.Кәсібилікті арттырудың маңызды тәсілдерінің бірі – әріптестермен кәсіби қарым-қатынас.
Педагог үнемі өзін-өзі дамыту үстінде болуы тиіс: тұлғалық тартымдылығын арттырып, оқушыларға рухани-адамгершілік құндылықтарды дарытуға және кәсіби деңгейін үздіксіз көтеруге ұмтылуы қажет.Білім алу мен біліктілікті арттыру жүйелі және үздіксіз сипатта болуы тиіс. Үздіксіз оқу педагогтың өмір сүру салтына айналуы қажет. Педагог жаңа білім мен технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды өз тәжірибесіне енгізуге міндетті.Педагогтың кәсіби дамуы үшін өзіндік талдау дағдылары аса маңызды. Бұл кәсіби қызметке психологиялық тұрғыдан дайын болуды қамтамасыз етеді. Кәсіби даму – тұлғаның тұрақты өсуі мен өзін-өзі жетілдіру үдерісі. Өз қызметін тиімді жоспарлау үшін педагог ғылыми зерттеу әдістерін меңгеруі, кәсіби орта мен қоғамдағы өзгерістерді байқай білуі тиіс.Осыған орай, үздіксіз білім беру жүйесінде педагогтардың кәсіби дамуын кешенді және жан-жақты зерттеу үшін келесі әдіснамалық тәсілдерді қолдану орынды деп саналады:-жүйелік тәсіл, ол педагогтардың кәсіби дамуын педагогтың мансаптық жолының ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қарастырады,-андрагогикалық тәсіл, ол ересектердің үздіксіз білім алу теориясының әдіснамалық негізі болып табылады және кәсіби дамудың теориялық қағидаттарын айқындайды,-құзыреттілік тәсіл, ол оқу нәтижелеріне және педагогтың кәсіби іс-әрекеттегі тиімділігіне бағдарланады.Жүйелік тәсіл үздіксіз білім беруді білім алудың барлық түрлері мен формаларының, сондай-ақ педагогтың кәсіби мансабының өзара байланысқан тұтастығы ретінде қарастырады.
Жүйені талдау барысында «элемент» және «құрылым» ұғымдары қолданылады. Элемент деп өзара байланыстағы кез келген объектілер кешенін түсінеміз, ал құрылым – осы элементтердің салыстырмалы түрде тұрақты байланыс жүйесін білдіреді. Ғылыми әдебиеттерде құрылым элементтерді біріктіріп, олардың өзара әрекеттесуі нәтижесінде жаңа сапалық қасиеттердің пайда болуына мүмкіндік беретіні атап көрсетіледі.Андрагогикалық тәсіл ересектердің үздіксіз білім алу теориясының әдіснамалық негізі болып табылады. Ересек білім алушылардың басты ерекшелігі – олардың білімді тәжірибеде қолдануға бағытталуы. Бұл тәсіл оқу үдерісін өздігінен реттей алатын, оқу барысына жауапкершілікпен қарайтын тұлғаның ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ғалымдар андрагогикалық тәсілдің келесі негізгі қағидаттарын айқындаған: оқу нақты практикалық мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс, оқыту білім алушының кәсіби тәжірибесіне сүйенуі қажет, педагогтар оқу материалын сыни тұрғыдан талдап, тәжірибе жүзінде тексере білуі тиіс, сондай-ақ өз жетістіктері туралы тұрақты кері байланыс алуы маңызды.Құзыреттілік тәсіл ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап кеңінен тарала бастады.
Алғашқы кезеңде «кәсіби құзыреттілік» ұғымы кәсіби міндеттерді тиімді шешу қабілеті ретінде түсіндірілді. Б.М. Теплов [5] тұлғаның қабілеттерін зерттеу барысында практикалық интеллект ұғымын енгізіп, оны теориялық интеллектіден ажыратты. Ғалымның пікірінше, практикалық интеллект адамның нақты жағдайды тұтастай қамтып, ондағы мәселені айқындап, түрлі факторларды сараптау арқылы нақты жағдайда тиімді шешім қабылдау қабілетімен сипатталады.Педагог тек өз жұмысының нәтижелерін ғана емес, сонымен қатар білім беру формалары мен әдістерін де талдауы қажет. Өзіндік талдау арқылы педагог кәсіби қызметін жүйелейді және алға қойған мақсаттарға жетудің тиімді жолдарын анықтайды.Педагогтардың кәсіби дамуы – білім сапасын арттырудың және қоғамның зияткерлік әлеуетін көтерудің маңызды шарты. Қазіргі таңда мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытушы, бағыт беруші тұлға болуы қажет.Сондықтан педагог үнемі өз білімін жетілдіріп, заманауи педагогикалық технологияларды, инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеріп отыруы тиіс. Кәсіби даму курстарына қатысу, тәжірибе алмасу, зерттеу жұмыстарын жүргізу және өз бетінше іздену – мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыратын негізгі бағыттар.Қазақстанда барлық педагогтар міндетті түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Соңғы жылдары кәсіби педагогикалық қауымдастықтар белсенді түрде құрылып, педагогтарға кеңес беру және әдістемелік қолдау көрсетіледі. Педагогтың кәсіби дамуы – оның жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар бүкіл білім беру жүйесінің сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 11 (92) том 2
Ссылка для цитирования:
ПЕДАГОГТЫҢ КӘСІБИ ДАМУ ТӘСІЛДЕРІ // Журнал «Вестник науки» от 9 ноября 2025 г. № 11 (92) том 2. С. 351 - 355. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/26351 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/26351
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
