ЗООЛОГИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА AV/VR ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІН ПАЙДАЛАНУ
Аннотация: зоология пәнін оқытуда AR/VR технологияларын қолдану оқу үдерісін интерактивті әрі визуалды етеді, күрделі анатомиялық және физиологиялық ұғымдарды меңгеруді жеңілдетеді. Зерттеу жұмысы квази-эксперименттік әдіспен жүргізіліп, бақылау тобында пән ылғалды препараттар, оқу плакаттары, атластар мен сызбалар, мультимедиялық презентациялар мен видеоларды пайдалану арқылы оқытылса, ал эксперименттік топта осы құралдарға үшөлшемді (3D) модельдер мен виртуалды зертханалар бірге пайдаланылды. Алынған нәтижелер көрсеткендей, эксперименттік топта білім деңгейі айтарлықтай артты, бұл AR/VR технологияларының тиімділігін дәлелдейді. Дегенмен, цифрлық модельдер нақты биологиялық объектілердің физикалық қасиеттерін толық алмастыра алмайды, сондықтан оларды биологиялық препараттармен және табиғи коллекциялармен үйлестіріп қолдану ұсынылады.
Ключевые слова: зоология, AR VR технологиясы, 3D модель, виртуалды зертхана, білім беру.
Қазіргі білім беру кеңістігінде цифрландыру үдерісі жаратылыстану пәндерін оқыту мазмұны мен әдістемесіне елеулі өзгерістер енгізіп отыр. Әсіресе биология ғылымын, соның ішінде зоология курсын оқытуда визуализация мен интерактивтілікті арттыруға бағытталған заманауи педагогикалық технологиялардың маңызы артуда. Әдеттегі сабақтарда жануарлар дүниесі көбіне кестелер, сызбалар мен екіөлшемді суреттер арқылы түсіндірілетіндіктен, білім алушылар биологиялық объектілерді тұтас әрі кеңістіктік тұрғыда қабылдауда қиындықтарға тап болады. Жоғары оқу орындарында жануарлар дүниесінің барлық таксономиялық топтарына тән қаңқа үлгілері мен анатомияны оқытуға арналған ылғалды препараттар коллекцияларының жеткіліксіздігі оқу үдерісінде оларды толыққанды пайдалануға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдай олардың пәнге деген қызығушылығын төмендетіп, салыстырмалы-анатомиялық ойлау қабілетінің дамуын шектейді. Осыған байланысты аддитивті технологияларды, атап айтқанда үшөлшемді модельдеу мен виртуалды орта элементтерін оқу үдерісіне енгізу зоологияны оқытудың тиімділігін арттырудың өзекті бағыты болып табылады.Халықаралық зерттеулер 3D және VR технологияларын қолдану оқу жетістіктерін 20–40% аралығында арттыра алатынын көрсетеді [1,2].
Алайда зоология пәні бойынша мұндай зерттеулер саны шектеулі, бұл тақырыптың өзектілігін айқындайды.Зерттеу мақсаты: зоологияны оқытуда жануарлардың морфологиясы мен анатомиясының цифрлық 3D модельдерін қолданудың оқу нәтижесіне әсерін анықтау.Зерттеу міндеттері:3D және VR технологияларын қолданудың дидактикалық мүмкіндіктерін талдау,Зоологияны оқыту барысында заманауи цифрлық әдістерді қолданудың білім сапасына ықпалын айқындауЗерттеу жұмысы 2025-2026 оқу жылының 1-семестрінде Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінде, «Биология-6В01509» мамандығының білім бағдарламасы бойынша «Зоологиядан үлкен практикум» пәні бойынша өткізілетін зертханалық – практикалық сабақтар аясында, квази-эксперименттік сипатта болды және екі топпен салыстырмалы талдау жүргізу әдісіне негізделді.Зерттеуге 2-курс білім алушылары қатысты. Бақылау тобы – 28 білім алушы. Оқыту барысы ылғалды препараттар, оқу плакаттары, атластар мен сызбалар, мультимедиялық презентациялар мен видеоларды пайдалану арқылы жүргізілді.
Эксперимент тобы – 25 білім алушы. Оқытуда бақылау тобында қолданылған әдістермен қатар, «Зоология және жаратылыстану пәндеріндегі зертханалық жұмыстарды цифрлық трансформациялау» жобасы аясында құрылған https://buketovbiovision360.kz платформасы мен https://sketchfab.com платформаларындағы үшөлшемді (3D) модельдер, VR-көзілдіріктер арқылы виртуалды лабораториялық орта пайдаланылды [3,4]. Білім алушылар жануарлардың ішкі мүшелері мен физиологиялық жүйелерін (ас қорыту, тыныс алу, қанайналым және т.б.) виртуалды форматта интерактивті түрде зерттеді.Эксперимент кезеңдері:Бастапқы диагностика– студенттердің зоология пәні бойынша бастапқы білім деңгейін бағалау. Бұл кезеңде олардың 1-курс «Зоология» курсы бойынша алған білімдерін еске түсіру мен оны тәжірибеде қолдануға дайындығы да анықталады.Оқыту интервенциясы – 8 апта «Омыртқасыздар зоологиясы» және 8 апта «Омыртқалылар зоологиясы» бойынша практикум сабақтарында тиісті әдістерді қолдану,Қорытынды диагностика – 8 аптадан кейін аралық бақылау өткізу және 16 аптадан соң оқу нәтижелерін қорытынды бағалау,Статистикалық өңдеу – орташа балл, пайыздық өсім және әсер мөлшері арқылы талдау.Білім алушылардың оқу жетістіктерін 20 сұрақтық бақылау жұмысымен 100 пайыздық бағалау шкаласы бойынша жүргізілді.
Бақылау және эксперимент топтарда білім деңгейін анықтау мақсатында бастапқы және аралық, қорытынды бақылау жұмыстары Quizizz цифрлық платформасы арқылы алынды. Бұл платформа нәтижелерді автоматты түрде тіркеп, объективті бағалауға мүмкіндік берді (сурет 1).Сурет 1. Quizizz платформасы арқылы жүргізілген бақылау нәтижесі, %.Бастапқы диагностика нәтижелері екі топта да шамалас деңгейде болды, бұл эксперименттің әдістемелік дұрыстығын қамтамасыз етті. Бақылау тобының орташа көрсеткіші – 63,4%, эксперименттік топта – 62,8% болды. 8 аптадан кейінгі аралық бақылау нәтижелері көрсеткендей, бақылау тобы 77,5% көрсеткішке жетіп, бастапқы деңгейге қарағанда 14,1% өсті.
Эксперименттік топта осы кезеңдегі нәтиже 88,5% болып, өсім 23,5% құрады.16 аптадан кейінгі қорытынды бақылау нәтижелері бойынша бақылау тобы 84% көрсеткішке жетіп (өсім 20,6%), эксперименттік топ 92% нәтиже көрсетті (өсім 29,2%).Алынған нәтижелер 3D және VR технологияларын қолдану білім алушылардың зоология пәнін меңгеру деңгейін айтарлықтай арттыратынын көрсетті. Эксперименттік топта білім сапасының 29,2%-ға өсуі халықаралық зерттеулерде көрсетілген нәтижелермен сәйкес келеді. Бұл 3D-модельдердің кеңістіктік ойлауды, салыстырмалы-анатомиялық талдауды дамытуымен түсіндіріледі.Қорытындылай келе, зоологияны оқытуда аддитивті технологияларды қолдану оқу тиімділігін арттыратын ғылыми негізделген әдіс болып табылады. Үшөлшемді модельдер мен виртуалды зертханаларды зоология сабақтарында қолдану білім алушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, күрделі анатомиялық және физиологиялық ұғымдарды терең әрі жүйелі меңгеруге мүмкіндік беретінін көрсетеді. Сонымен қатар, цифрлық модельдер сирек кездесетін немесе жойылып кеткен жануарлардың құрылымын қауіпсіз зерттеуге жағдай жасайды, салыстырмалы-анатомиялық ойлауды дамытуға қолайлы орта қалыптастырады, практикалық дағдыларды тәжірибелік қауіпсіз жағдайда қалыптастыруға мүмкіндік береді және зерттеу процесін визуалды түрде жеңіл әрі есте сақталатындай етеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, VR көзілдіріктерді қолдану арқылы 3D модельдер мен виртуалды зертханалардың артықшылықтарын толық пайдалану білім беру үдерісін заманауи деңгейге көтеріп, студенттердің зерттеушілік қабілеттерін, аналитикалық ойлауын және пәнге деген қызығушылығын едәуір арттырады.
Дегенмен аталмыш технологиялар нақты биологиялық объектілерді толық алмастыра алмайтынын ескеру қажет. Цифрлық модельдер сүйек тінінің табиғи фактурасын, нақты салмақ пен өлшемді сезінуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан оларды жануарлардың ылғалды препараттармен, табиғи коллекциялармен және далалық бақылаулармен үйлестіре қолдану зоологияны оқытудың ең тиімді жолы болып табылады.Финансирование: Бұл зерттеу жұмысы Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті ұйымдастырған «Ғылымдағы жаңа есім – 2025» жобасының гранттық қолдауымен жүзеге асырылды.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 12 (93) том 3
Ссылка для цитирования:
ЗООЛОГИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА AV/VR ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІН ПАЙДАЛАНУ // Журнал «Вестник науки» от 21 декабря 2025 г. № 12 (93) том 3. С. 772 - 777. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/27588 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/27588
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
