Научный журнал «Вестник науки»

Режим работы с 09:00 по 23:00

zhurnal@vestnik-nauki.com

Информационное письмо
  1. Главная
  2. Архив
  3. Вестник науки от 21 декабря 2025 г.
  4. Научная статья № 258
Просмотры  56 просмотров

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІНГІ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КИНОДАҒЫ КӨРІНІСІ: «ТОМИРИС» ЖӘНЕ «АМАНАТ» ФИЛЬМДЕРІНЕ ДЕКОЛОНИЯЛЫҚ ТАЛДАУ

Аннотация: Бұл мақала тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ киносының тарихи тұлғаларды репрезентациялауындағы деколониялық өзгерістерді талдауға арналған. Режиссерлер Ақан Сатаевтың «Томирис» және Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмдерін саралай отырып, кеңестік идеология қалыптастырған бұрмаланған тарихи бейнелердің жаңаша интерпретациялануын көрсетеді. Зерттеу Эдвард Саид, Хоми Бхабха, Лаура Малви секілді теоретиктердің постколониялық және мәдени репрезентация жөніндегі тұжырымдамаларына сүйенеді.Мақалада қазақ киносының тарихи тұлғаларды мифтік немесе идеологиялық модельден шынайы тарихи субъект деңгейіне көтеру арқылы ұлттық жадыны қалпына келтіру процесі қарастырылады. «Томирис» фильміндегі әйел көшбасшының гендерлік және мәдени символ ретіндегі бейнесі, «Аманаттағы» Кенесары тұлғасының ұлттық еркіндік идеясының рәмізіне айналуы деколониялық репрезентацияның маңызды мысалы ретінде талданады. Сонымен қатар, дала кеңістігінің визуалды-философиялық коды ұлттық болмыстың көркемдік негізін құрайтын элемент ретінде сипатталады.

Ключевые слова: деколониялық репрезентация, постколониялық теория, мәдени код, гендерлік бейне, ұлттық жады, кеңестік дискурс, тарихи реконструкция.

Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңі ұлттық тарих пен мәдениетке жаңаша көзқарас қалыптастыру дәуірі ретінде ерекшеленеді. Бұл үдеріс отаршылдық кезеңдегі идеологиялық ықпалдан арылу, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және ұлттық болмысты қайта сараптау арқылы жүзеге асуда. Осы тұста деколонизация ұғымы маңызды орын алады, себебі ол тарихи сана мен мәдени репрезентацияны қайта қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Деколонизация – тек саяси немесе экономикалық процесс қана емес, ол сондай-ақ мәдениет пен өнер салаларында ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды құралы.Кино – тарихи тұлғаларды көпшілікке танытудың және тарихи оқиғаларды түсіндірудің ең ықпалды құралдарының бірі деп білсек, заманауи қазақ кинематографиясы тарихи тұлғалар бейнесін репрезентациялау арқылы көркем өнерде ұлттық сананы жаңғырту мен отаршылдық мұрасын қайта ойластыруға мүмкіндік беріп отыр.

Кеңес дәуірінде тарихи тұлғалар белгілі бір идеологиялық шеңберде бейнеленсе, қазіргі қазақ киносы оларды күрделі, көпқырлы, кейде қайшылықты, бірақ шынайы бейнеде ұсынуға ұмтылады. Бұл тұрғыдан алғанда, тарихи тұлғалардың репрезентациясы ұлттық болмысты қалыптастыру мен ұлт тарихын терең түсінуге ықпал ететін құралға айналды.Кеңестік кезеңде қазақ халқының тарихи тұлғаларын бейнелеу тек қана жазба тарихта емес, кино өнерінде де идеологиялық сүзгіден өтті. Кино – ең әсерлі құралдардың бірі ретінде қоғамға, оның санасына ықпал етудің қуатты құралы болғандықтан, тарихи тақырыптағы кинолар арқылы кеңестік билік өз идеологиясын сіңіруге тырысты. Қазақ киносында тарихи тұлғалар көбінесе кеңес үкіметінің көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан бейнеленді. Мысалы, ұлттық батырлардың ерлігі немесе еркіндікке ұмтылысы тек патшалық Ресейге немесе Кеңес өкіметіне бағыну арқылы жүзеге асқандай етіп көрсетілді.

Бұл – тұлғалардың нағыз болмысын тұмшалау, отарлық саясатты ақтаудың кино тіліндегі тәсілі еді.Кеңес дәуіріндегі кинематографияда қазақтың байырғы көшпелі мәдениеті, еркіндік сүйгіш рухы немесе хандық билік жүйесі тек фольклорлық, артта қалған, мифтік деңгейде бейнеленді. Мысалы, Абылай хан, Бұқар жырау сынды тұлғалар туралы нақты тарихи фильмдердің болмауы – осының айғағы. Мұндай тұлғалар егер бейнеленсе де, маргинал рөлде немесе тарихтағы шынайы маңызынан айырылған, кеңестік саясатқа бейімделген кейіпте ұсынылды. Тарихи тұлғалардың кинода бұрмалануы көрерменнің тарихи танымына тікелей әсер етті.

Кеңестік киноның басты мақсаты – ұлтты өз өткенінен алыстату, оны тек социалистік құрылымның жемісі ретінде көрсету болды. Сондықтан киноэкранда кеңестік билікке қызмет еткен «жаңа адам» бейнесі насихатталып, оған қарсы тұрған кез келген тарихи кейіпкер реакциялық күш ретінде көрсетілді. Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері, саяси күрескерлер мен ағартушылардың орнына кеңестік құрылысшылар, қызыл армия сарбаздары, колхозшылар мен партия белсенділері басты кейіпкерлерге айналды. Бұл тәсіл тарихты тек қана таптық күрес шеңберінде көрсетуге бағытталды.Қазақ киносының тәуелсіздік кезеңіндегі дамуы тарихи тұлғалардың экрандағы бейнесін қайта қарастыру мен ұлттық тарихи сананы жаңғырту үдерісімен тікелей байланысты, өйткені отарлық кезеңнің мәдени мұралары тарихи репрезентацияның өзін күрделі идеологиялық фильтрден өткізіп тұрған болатын. Эдвард Саид өзінің атақты «Orientalism» еңбегінде колонияланған халықтардың тарихы әрқашан үстем дискурстың көлеңкесінде қалып, олардың бейнесі сырт көздің интерпретациясымен боялатынын көрсеткен еді (1: 45).

Дәл осы теориялық түйінді ескере отырып, заманауи қазақ киносы тарихи тұлғаларды миф-тұлға немесе идеологиялық үлгі ретінде емес, мәдени-этникалық тәжірибенің күрделі субъектісі ретінде қарастыруға көшті. Бұл әсіресе Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде айқын көрінеді, өйткені фильм ежелгі мықты әйел бейнесін тек батырлық символ емес, кеңістік пен уақытты жалғайтын мәдени код ретінде көрсетеді. Картинада Томиристің жеке тұлғалығы мен саяси рөлі ұлттың тарихи жадымен органикалық байланыста ұсынылады, бұл постколониялық санада ерекше мәнге ие. Хоми Бхабха мәдени бірізділіктің «аралық кеңістікте» пайда болатынын айтады, яғни отарланған және отарлаушы дискурстар арасындағы үнемі қозғалыстағы аймақта жүзеге асады (2: 112).

Сол себепті фильмде Томирис бір мезетте тарихи, мифологиялық, саяси және символдық кейіп болып көрінеді. Кинематографиялық шешімдерде қолданылған символдар, мысалы қылыш, қан, дала кеңістігі, көшпелі қоғамның әскери құрылымы — барлығы тарихи тұрақтылықты емес, үнемі күрес пен өз-өзін сақтау мотивтерін көрсетеді, бұл қазақтың тарихи жадысымен тығыз байланысты. Сақ дәуірін зерттеген С. Ақынжанов еңбектері фильмнің ғылыми негізіне қызмет етіп, сол дәуірдің әскери-саяси моделін экранға берудің тарихи рельефін қалыптастырады (3).

Осының нәтижесінде Томирис фильмі тарихи тұлғаны жасаушы ұлттық киноның деколониялық парадигмаға көшуінің көркем дәлелі ретінде қабылданады.Ал Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмінде тарихи репрезентация мүлде басқа ракурстан ұйымдастырылған, өйткені мұнда басты назар нақты тарихи тұлға Кенесарыға емес, оның күресінің тарих бейнесіне бағытталады. Фильм кеңестік тарихнаманың Кенесарыға қатысты қалыптастырған негативті коннотациялық дискурсына қарсы тұрып, оны ұлттық еркіндік идеясының символы ретінде көрсетеді. Кеңестік кезеңде Кенесары «феодалдық-монархиялық реакцияның соңғы өкілі» немесе «халыққа қарсы шыққан хан» ретінде интерпретацияланған, бірақ Нарымбетов бұл дискурстың тарихи әділетсіздігін ашып көрсетеді. Э.

Саид отарлық тарихтың басты әдістерінің бірі — жау бейнесін тарихи шындыққа тәуелсіз түрде қалыптастыру екенін айтқан еді (1: 59). Бұл механизм Кенесарыға да қолданылған. Бірақ «Аманат» фильмі тарихи тұлғаны ұлттың саяси субъектілігінің көрінісі ретінде қайта көрсетіп, оның күресін азаттық идеясының контекстіне енгізеді. Фильмде тарихи реконструкция және архивтік материалдар біріктіріліп, оқиғаның хронотопы көркемдік тұрғыдан ерекше қалыптасады.

Т. Жұртбайдың «Дулыға» атты іргелі зерттеуіндегі батырлық дәстүр, тарихи рәміздер, көшпелі қоғамның моральдық құндылықтары фильмнің репрезентациясына тікелей әсер еткенін көруге болады (4: 214). Нарымбетовтің Кенесарыны тікелей көрсету емес, оның рухани мұрасын, ұлт жадындағы орнын, ұлттық борыш ұғымын алға шығарып көрсетуі — деколониялық репрезентацияның ерекше тәсілі. Фильмде тарихты айту емес, тарихты сезіндіру мақсаты орындалған, бұл деколониялық киноға тән элемент.«Томирис» фильміндегі әйел көшбасшы бейнесі — қазақ кино тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі, өйткені ол гендерлік репрезентацияның отарлық кезеңнен кейінгі трансформациясын көрсетеді.

Фильмде Томиристің тұлғалық дамуы оның жынысына қатысты стереотиптерден тыс ұсынылады,ол әйел-жауынгер, әйел-батыр ғана емес, мемлекет басшысы, дипломат, стратег ретінде бейнеленеді. Гендерлік теорияда Лаура Малви «әйел — еркектің көзіне арналған объект» деген голливудтық стереотипті ашып көрсеткен еді (5: 10). Бірақ «Томирис» бұл модельді бұзады. Фильм Томиристі объект емес, субъект, яғни әрекет етуші, шешім қабылдаушы тұлға ретінде көрсетеді.

Бұл тәсіл тек гендерлік репрезентацияны ғана емес, отарлық кезеңнің қазақ қоғамын артта қалған патриархалды құрылым ретінде көрсетуіне қарсы идеяны да қамтиды. Сақ дәуірін зерттеген С. Ақынжанов еңбектерінде әйелдердің саяси рөлі мен әскери құрылымдағы орны жоғары бағаланған (3: 67). Сатаев осы ғылыми зерттеулерді шығармашылықпен пайдаланып, тарихи шынайылықты сақтай отырып, гендерлік прогрессивті репрезентация жасайды.

Бұл — деколониялық кино үшін өте маңызды қадам. Өйткені отарлық дискурс көбіне әйелді «әлсіз», «артта қалған», «қорғансыз» субъект ретінде бейнелеуге тырысқан. Фильм осы қате түсінікті бұзады. Томирис тұлғасының әмбебаптық деңгейге көтерілуі қазақ киносының жаңа идеологиялық бағытын айқындайды, әйел — ұлт тарихындағы белсенді күш, ал бұл репрезентация ұлттық мәдениеттің деколониялық қайта қалпына келуінің тікелей индикаторы болып табылады.Сатыбалды Нарымбетов «Аманат» фильмінде тарихи жадыны реконструкциялау үшін архивті тек материал емес, дербес нарратор ретінде пайдаланады, бұл тәсіл постколониялық киноға тән. Режиссер Кенесары туралы тарихи құжаттардың көпшілігі ресейлік кеңселік аппараттың қалдырған ізі екенін жақсы түсінеді, ал бұл құжаттар шынайы оқиғаны емес, империялық идеологияны көрсететін мәтін екенін біледі.

Э. Саид айтып өткендей, империялық архив — шынайы тарих емес, биліктің тарихты түсіндіру формасы (1: 102). Осы тұста Нарымбетов архивті қарсы-нарратив жасау құралы ретінде қолданады. Фильмдегі жас тарихшының Кенесары жайлы материалдарды іздеп, қайта құрастыруы — жеке адамның ізденісі ғана емес, тұтас ұлттың тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы интеллектуалдық қозғалысының символы.Қазақ киносы үшін ұлттық кеңістікті, даланы эстетикалық код ретінде пайдалану ерекше дәстүр, бірақ «Томирис» пен «Аманат» фильмдерінде дала символы мүлде жаңа деңгейге көтеріледі.

Дала бейнесі отарлық кезеңде «бос», «артта қалған», «өркениеттен тыс» кеңістік ретінде сипатталғаны белгілі. Бірақ осы екі фильм қазақ даласына философиялық, тарихи және мәдени мән береді. Дала — көшпелі қоғамның географиясы ғана емес, оның онтологиясы, уақытты сезіну формасы. Дәл осы тұрғыдан алғанда, фильмдер деколониялық репрезентация ұсынады, өйткені олар даланы хаос емес, күрделі мәдени жүйе ретінде көрсетеді.

Ш. Уәлиханов дала өркениетін «еркіндік пен жауапкершіліктің қосындысы» ретінде сипаттаған (6: 214). Бұл ой фильмдегі визуалдық шешімдерде өте анық көрінеді. Кеңістіктің ашықтығы, желдің дыбысы, ат тұяғының екпіні, көкжиектің шексіздігі — барлығы ұлттық болмыстың автономиясын айқын көрсетеді.

«Аманаттағы» дала Кенесарының күресімен байланысты рухани кеңістік ретінде көрінсе, «Томиристе» дала мемлекет үшін жердің ғана емес, субъектіліктің де символы ретінде ұсынылады. Кеңістіктік репрезентацияның мұндай деңгейі Н. Аппадурайдың «мәдени локализация» теориясымен сәйкес келеді, онда географиялық кеңістік мәдени бірізділіктің белсенді бөлігі деп қарастырылады (7: 52). Осы арқылы фильмдер ұлттық болмысты кеңістіктік кодтармен бекітеді.

Бұл тәсіл тек эстетикалық емес, идеологиялық да әрекет болып табылады, себебі ол отарлық кезеңнің «жабайы дала» туралы дискурсын түбегейлі жоққа шығарады.Тарихи тұлғаларды миф-тұлға деңгейінен түсіріп, оларды шынайы тарихи субъект ретінде көрсету — деколониялық репрезентацияның негізгі мақсаты. «Томирис» те, «Аманат» та осы миссияны орындайды. Көп жыл бойы қазақ тарихындағы тұлғалар не мифтік бейнеге айналдырылып, реалистік қырынан айырылды, не кеңестік идеологияның талаптарымен теріс интерпретацияланды. «Томирис» фильмінде Томирис бейнесі эпикалық аңыздағы батыр әйел емес, нақты тарихи көшбасшы ретінде көрінеді, ал бұл тәсіл Еуразия кеңістігіндегі гендерлік тарихнамаға тың серпіліс береді.

«Аманат» фильмінде Кенесары тұлғасы кеңестік бұрмалаушылықтан тазартылды. Ол - тек хан емес, саяси күрестің символы. Т. Жұртбай тарихи тұлғалар туралы «оларды идеология емес, халық жадында сақталған мазмұн анықтайды» деп жазады (4: 198).

Фильмдер осы идеяны экранда жүзеге асырады. Тарихи тұлғаны жаңа контексте қайта бейнелеу — ұлттық нарратив құрудың тікелей жолы. Бұл процесс ұлттық сананың өз тарихына өз тарапынан қарауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, фильмдер тек көркем туынды емес, мәдени-психологиялық терапия рөлін атқарады.

Олар халықтың тарихи жадын қалпына келтіреді, оны колониялық өткенінен арылтады. Бұл — деколониялық мәдениеттің ең маңызды функцияларының бірі.Заманауи қазақ киносы тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің тарихи сана мен ұлттық кодын қалпына келтіру жолында маңызды жұмыс атқаруда. Фильмдердегі визуалды кодтар, кеңістік пен дала философиясы, тарихи костюмдер мен ритуалдық элементтер ұлттық тарихты экранда реконструкциялау үшін маңызды құралдар ретінде қызмет етеді. «Томирис» пен «Аманат» фильмдері осы миссияның айқын көрінісі болып табылады, себебі олар тарихи тұлғаларды бұрынғы мифтік немесе идеологиялық деңгейден түсіріп, нақты тарихи субъект ретінде көрсетуге ұмтылады.

Эдвард Саидтің постколониялық ойлау теориясына сәйкес, отарлық кезеңде қалыптасқан идеологиялық дискурс тарихи тұлғаның бейнесін бұрмалайды, ал бұл фильмдер — осы бұрмалаушылықты жоюға бағытталған әрекеттер. Томиристің бейнесі әйел көшбасшы ретінде ғана емес, ұлттық мәдени бірізділіктің символы ретінде де ұсынылады, бұл деколониялық киноның негізгі принциптерін толықтай көрсетеді. Кенесары бейнесі болса ұлттық азаттық қозғалысының рәмізіне айналып, кеңестік тарихнаманың теріс көзқарастағы контекстін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қорытындылай келе, «Томирис» пен «Аманат» фильмдері заманауи қазақ киносының деколониялық миссиясын жүзеге асырудағы маңызды жетістіктер болып табылады. Олар тарихи тұлғаларды қайта интерпретациялау, ұлттық мәдени коды қайта қалыптастыру, кеңістік пен мәдени рәміздерді ұлттық тарихи санамен байланыстыру, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру арқылы киноны тек көркемдік өнім ғана емес, мәдени және тарихи реконструкция құралы ретінде көрсетеді.

Бұл фильмдер арқылы қазақ киносы өзінің тарихи санасы мен мәдени бейнесін экран арқылы қайта ойластырады, ұлттық тарихты жаңаша көрсетудің жолын ашады, сонымен бірге постколониялық теория тұрғысынан маңызды ғылыми, мәдени және эстетикалық мағына береді. Ұлттық киноның осы бағыттағы дамуы болашақта тарихи тұлғаларды, тарихи оқиғаларды одан әрі күрделі, көркемдік және ғылыми тұрғыдан зерттеу мүмкіндігін кеңейтеді.


Полная версия статьи PDF

Номер журнала «Вестник науки» № 12 (93) том 3


Ссылка для цитирования:

Нөгербек Б.Б., Жобалай А. ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІНГІ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КИНОДАҒЫ КӨРІНІСІ: «ТОМИРИС» ЖӘНЕ «АМАНАТ» ФИЛЬМДЕРІНЕ ДЕКОЛОНИЯЛЫҚ ТАЛДАУ // Журнал «Вестник науки» от 21 декабря 2025 г. № 12 (93) том 3. С. 2165 - 2173. 2025 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/27750 (дата обращения: 29.11.2026 г.)


Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/27750



Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com


Вестник науки © 2025.    16+




* В выпусках журнала могут упоминаться организации (Meta, Facebook, Instagram) в отношении которых судом принято вступившее в законную силу решение о ликвидации или запрете деятельности по основаниям, предусмотренным Федеральным законом от 25 июля 2002 года № 114-ФЗ «О противодействии экстремистской деятельности» (далее - Федеральный закон «О противодействии экстремистской деятельности»), или об организации, включенной в опубликованный единый федеральный список организаций, в том числе иностранных и международных организаций, признанных в соответствии с законодательством Российской Федерации террористическими, без указания на то, что соответствующее общественное объединение или иная организация ликвидированы или их деятельность запрещена.