ЗИЯТКЕРЛІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ҮШІН ТОПТЫҚ ЖИНАҚТАУ ҚОНДЫРҒЫСЫН АВТОМАТТАНДЫРУ
Аннотация: бұл мақалада кен орнында цифрлық жүйелерді енгізу тұжырымдамасы қарастырылады. Зерттеу барысында цифрлық платформаның құрылымы негізделіп, оның негізгі талаптары (интеграция, масштабталу, қауіпсіздік және деректерді талдау) айқындалды. IoT технологиялары негізінде сымсыз мониторинг және басқару жүйесі ұсынылды. Пилоттық жоба ретінде типтік өндірістік объект – топтық жинау қондырғысы таңдалып, сепарация және пласталық суды айдау процестерін автоматтандыру шешімдері әзірленді.
Ключевые слова: цифрлық кен орны, цифрлық трансформация, IoT технологиялары, сымсыз мониторинг, цифрлық платформа, өндірісті басқару.
Кіріспе. Қазіргі уақытта мұнай-газ саласында өндірістік процестерді цифрландыру және автоматтандыру мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Кен орындарын тиімді басқару, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өндірістік шығындарды азайту мақсатында заманауи цифрлық жүйелер мен интеллектуалды басқару технологиялары кеңінен енгізілуде. Бұл бағытта цифрлық платформа негізінде құрылған «цифрлық кен орны» тұжырымдамасы маңызды рөл атқарады. Цифрлық трансформация өндірістік объектілерден нақты уақыт режимінде деректер жинауды, оларды өңдеуді және талдау нәтижелеріне сүйене отырып жедел басқару шешімдерін қабылдауды қамтамасыз етеді.
Мұндай тәсіл кен орнының барлық технологиялық тізбектерін біртұтас ақпараттық жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Мақалада кен орнында цифрлық жүйелерді енгізу тұжырымдамасын әзірлеу және оның негізінде топтық жинау қондырғысы (ТЖҚ) үшін пилоттық цифрлық жүйені құру мәселесі зерттеледі.. Зерттеу барысында заманауи IoT технологиялары, сымсыз байланыс жүйелері (LoRaWAN), SCADA жүйелері және автоматтандырылған басқару алгоритмдері қарастырылды. 1. Цифрлық кен орнының құрылымдық сұлбасын таңдаудың негіздемесі.
Цифрлық жүйелерді енгізудің негізі ретінде әртүрлі бағдарламалық және аппараттық құралдарды біріктіретін цифрлық платформа қарастырылады. Ол белгілі бір қызметтер мен функционалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай интеграциялық орта болып табылады. Қазіргі әлемдік және отандық озық технологияларды ескере отырып, цифрлық кен орны платформасына келесі негізгі талаптар қойылады: жүйелердің интеграциялануы, масштабталуы, ашықтығы (API арқылы басқа жүйелермен байланысу мүмкіндігі), ақпараттық қауіпсіздігі және деректерді талдау арқылы басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін аналитикалық құралдардың болуы. Цифрлық кен орнының құрылымы әдетте сымсыз мониторинг және басқару жүйесінің стандартты сұлбасына негізделеді (1-сурет). 1 сурет. Сымсыз басқарудың құрылымдық сұлбасы.
Бұл құрылымда орталық сервер деректерді жинау, өңдеу және нақты уақыт режимінде басқару шешімдерін қабылдау функцияларын орындайды. Сервер ресурстары өндірістік персоналдың жұмысын қамтамасыз етіп, басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялануға мүмкіндік береді. Төменгі деңгейде технологиялық объектілерге орнатылған датчиктер мен атқарушы механизмдер жұмыс істейді. Олар байланыс құрылғылары арқылы деректерді жоғарғы деңгейге жеткізеді және басқару командаларын орындайды.
Деректерді беру процесі LoRaWAN сияқты сымсыз IoT технологиялары арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, ұсынылған құрылымдық сұлба кен орнында цифрлық жүйелерді енгізудің тиімді негізі болып табылады және өндірістік процестерді заманауи цифрлық трансформация талаптарына сәйкес басқаруға мүмкіндік береді. 2. Пилоттық жобаны таңдау және әзірлеу. Цифрлық кен орнын енгізу концепциясы шеңберінде пилоттық жобаны таңдау өндірістік объектілердің күрделілігі, технологиялық процестердің көпсатылылығы және автоматтандыру деңгейінің төмендігі сияқты критерийлер негізінде жүзеге асырылады.
Осы жобаның мақсаты – ұңғымалардан ТЖҚ-ға (топтық жинақтау қондырғысына) келіп түсетін сұйықтық көлемін есепке алу, сондай-ақ С-1 және Е-5 дренаждық сыйымдылықтарынан осы сұйықтықты алу процесін автоматтандыру болып табылады. Осы кезеңде қолданыстағы жүйесіне интеграция жасау экономикалық тұрғыдан жаңа толық жүйені әзірлеп енгізуден тиімдірек болып табылады. ТЖҚ жүйесін жаңғырту келесі автоматтандыру құрылғыларын орнатуды көздейді: К-1 – С-1 сепараторынан суды реттейтін реттеуші клапан, К-2 – Е-5 сыйымдылығынан суды реттейтін реттеуші клапан, К-3 – Е-7 сыйымдылығынан суды жабатын (запорлы) клапан, LIT302 – С-1 сепараторындағы фазалар шекарасын өлшейтін деңгей өлшегіш (қолданыстағының орнына), LIT1001 – ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығындағы жалпы деңгей өлшегіш, LIT813 – Е-5 сепараторындағы фазалар шекарасын өлшейтін деңгей өлшегіш (қолданыстағының орнына), LIT815 – Е-7 сыйымдылығындағы фазалар шекарасын өлшейтін деңгей өлшегіш, FIT02 – Е-7 сыйымдылығынан судың шығынын өлшейтін кориолистік шығын өлшегіш, LSL806 және LSH807 – Е-7 сыйымдылығындағы төменгі және жоғарғы деңгей сигнализаторлары. Сонымен қатар SCADA жүйесінің экранынан келесі сорғылардың жиілік түрлендіргіштерін басқару жүйесі қайта ұйымдастырылады: ДЕ-1 сыйымдылығынан су айдайтын НД-1 сорғысы, РВС-қа су айдайтын Н-9 сорғысы, РВС-қа су айдайтын Н-10 сорғысы.
Мұнай жинау жүйесіндегі технологиялық процесс 8 кезеңге бөлінеді: 1. ілеспе мұнай газын бөле отырып алғашқы (суық) сепарация (70%-ға дейін), 2. шикі мұнайды қыздыру, 3. қабат суын бөлу (алғашқы сусыздандыру), 4. ыстық сепарация (мұнайды дегазациялау), 5. электродегидраторда мұнайды терең сусыздандыру, 6. соңғы сепарациялық қондырғыларда терең дегазациялау, 7. флотациялық тұндырғышта қабат суын дайындау, 8. адсорбциялық қондырғыда газды дайындау (кептіру). ТЖҚ келесі функцияларды қамтамасыз етеді: ұңғыма сағасынан өндірілетін өнімді ТЖҚ-дағы буферлік жинақтаушы сыйымдылықтарға жинау, өнімді автоматтандырылған өлшеу қондырғысы арқылы және ТЖҚ бойынша газ-сұйық қоспаның жалпы көлемін шығын өлшегіш арқылы есепке алу, бірінші сатылы сепарациядан бөлінген ілеспе газды газ бөлгіш арқылы бөліп, оны газ жинау желілері арқылы мұнай дайындау және айдау цехтарына (ЦППН) жеткізу, бұл ретте газдың бір бөлігі ТЖҚ-дегі жылыту пештерінің отыны ретінде пайдаланылады, мұнай-газ қоспасын 40–60 °C температураға дейін қыздыру, мұнай эмульсиясын қолданыстағы құбырлар арқылы айдау сорғылары көмегімен алдын ала суды бөлу қондырғысына (УПСВ) және мұнай дайындаудың орталық пунктіне (ЦППН) тасымалдау. ТЖҚ жобаланатын цифрлық жүйенің төменгі деңгейі болып табылады және кен орнының жағдайы туралы ақпарат көзі ретінде қызмет етеді. Бұл ақпарат ағын жоспарын орындауды тікелей бақылауға, геологиялық-техникалық жұмыстарды жоспарлауға, сондай-ақ мұнай және газ кен орындарын игеруді мониторингтеуге арналған.
Ақпарат телемеханикалық жүйе арқылы басқару серверіне беріледі. Барлық сепарация жүйелері жергілікті басқару құрылғыларымен, қысым және деңгейдің автоматты реттегіштерімен жабдықталған. Сондай-ақ ықтимал авариялық жағдайлар туралы (толып кету, қысымның жоғарылауы) автоматты дабыл жүйесі қарастырылған. Критикалық жағдайларда кіріс желісі автоматты түрде ажыратылады.
Резервуардан суды алдын ала ағызатын сепарациялық қондырғылар мұнай және су фазалары арасындағы деңгейді реттейтін реттегіштермен де жабдықталған. Сепарациялық қондырғылар автоматикасы келесіні қамтамасыз етуі тиіс: сепаратордағы мұнай деңгейін автоматты реттеу, авариялық деңгей немесе қысым жоғарылаған жағдайда қондырғыны автоматты қорғау, диспетчерлік пунктке авариялық сигналдарды жіберу. 3. Сепарациялау және айдау процесін автоматтандырудың функционалдық сұлбасын әзірлеу. Ұсынылып отырған қабат суын сепарациялау және айдау процесін автоматтандырудың функционалдық сұлбасы 2-суретте көрсетілген. Қабат суын үздіксіз сепарациялау және айдау процесінің логикасы төмендегідей: – С-1 сепарациялық сыйымдылығындағы су деңгейін бақылау үшін оған фазалар шекарасын өлшейтін LIT302 деңгей өлшегіші орнатылады, – С-1 сепарациялық сыйымдылығынан жинақталуына қарай ілеспе сұйықтық реттеуші К-1 клапаны арқылы (ПИД-регулятор басқаруымен) дренаждық желіге, одан әрі ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығына ағызылып отырады. К-1 реттеуші клапаны үшін уставка ретінде оператор белгілеген С-1 сыйымдылығындағы деңгей мәні қабылданады, – Е-5 сыйымдылығындағы су деңгейін бақылау үшін оған фазалар шекарасын өлшейтін LIT813 деңгей өлшегіші орнатылады, – Е-5 сыйымдылығынан ілеспе сұйықтық оператор белгілеген максималды деңгейге жеткен жағдайда электрлік К-2 запорлы клапаны арқылы (ПИД-регулятор басқаруымен) дренаждық желіге, әрі қарай ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығына ағызылып отырады.
К-2 клапаны үшін уставка ретінде LIT813 деңгей өлшегіші көрсететін фазалар шекарасы мәні қабылданады, – ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығындағы су деңгейін бақылау үшін стержень типті LIT1001 деңгей өлшегіші орнатылады, – ДЕ-1 сыйымдылығы толған жағдайда, оператор белгілеген жоғарғы деңгей уставкасы бойынша НД-1 сорғысы іске қосылады да, сұйықтық FIT02 шығын өлшегіші орнатылған желі арқылы Е-7 сыйымдылығына айдалады. Шығын өлшегіш қабат суының жалпы есебін жүргізеді, 2 сурет. Сепарациялау және айдау процесін автоматтандырудың функционалдық сұлбасы. – Е-7 сыйымдылығында фазалар шекарасын өлшейтін бір LIT815 деңгей өлшегіші және екі шекті деңгей датчигі орнатылады: жоғары шек – LSH807, төменгі шек – LSL806, – Е-7 сыйымдылығынан БКНС-қа (206-ұңғыма) қабат суын айдау желісіне электрлік К-3 запорлы клапаны орнатылады (жұмыс режимі: ашық/жабық), – ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығындағы LIT1001 деңгей өлшегішінің төменгі шек уставкасы бойынша немесе Е-7 сыйымдылығындағы LSH807 максималды деңгей датчигі іске қосылған жағдайда НД-1 айдау сорғысы тоқтатылады. Сонымен қатар Е-7 шығысында орналасқан К-3 электрлік запорлы клапаны ашылады және қабат суын айдайтын Н-9/Н-10 сорғылары іске қосылады, – Е-7 сыйымдылығындағы LIT815 деңгей өлшегішінің төменгі уставкасы немесе LSL806 төменгі шекті деңгей датчигі іске қосылған кезде Н-9/Н-10 сорғылары ажыратылады және Е-7 шығуындағы К-3 электрлік запорлы клапаны жабылады.
Процесс ДЕ-1 дренаждық сыйымдылығы толуына қарай қайталанып отырады. Қорытынды. Зерттеу барысында кен орнының ерекшеліктері мен цифрлық трансформацияға қатысты заманауи ғылыми тәсілдер ескеріле отырып, цифрлық платформаның құрылымдық схемасы негізделді. Платформаның негізгі талаптары ретінде интеграция, масштабталу, ашықтық, ақпараттық қауіпсіздік және деректерді талдау мүмкіндіктері анықталды. Ұсынылған тұжырымдама негізінде сымсыз мониторинг және басқару жүйесінің құрылымы қарастырылып, IoT технологиялары (LoRaWAN, LPWAN) арқылы деректерді беру принциптері сипатталды. Пилоттық жоба ретінде топтық жинау қондырғысы таңдалып, оның автоматтандыру және цифрландыру шешімдері ұсынылды.
Жобада сепарация және пласталық суды айдау процесін автоматтандыру үшін деңгей өлшегіштер, реттеуші клапандар, шығын өлшегіштер және сорғы жабдықтары енгізілді. Сонымен қатар, технологиялық процестің функционалдық және автоматты басқару схемалары әзірленіп, ПИД-регулятор негізіндегі басқару алгоритмдерінің тиімділігі MatLab ортасында модельдеу арқылы дәлелденді. SCADA жүйесі ретінде SIMATIC WinCC қолдану арқылы өндірістік процестерді визуализациялау, мониторинг жүргізу, деректерді архивтеу және авариялық жағдайларды бақылау мүмкіндігі қарастырылды. Ұсынылған цифрлық шешімдер кен орнының тиімділігін арттыруға және өндірістік процестерді оңтайландыруға бағытталған.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 4 (97) том 4
Ссылка для цитирования:
ЗИЯТКЕРЛІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ҮШІН ТОПТЫҚ ЖИНАҚТАУ ҚОНДЫРҒЫСЫН АВТОМАТТАНДЫРУ // Журнал «Вестник науки» от 26 апреля 2026 г. № 4 (97) том 4. С. 931 - 940. 2026 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/30000 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/30000
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
