ЖЕҢІЛ АҚЫЛ-ОЙ КЕМІСТІГІ БАР ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚЫТУДАҒЫ ТИІМДІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
Аннотация: мақалада жеңіл ақыл-ой кемістігі бар 6--7 сынып оқушыларына «Жаратылыстану» пәнін оқытудағы тиімді педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер педагогикалық практиканың жеке тәжірибесі негізінде қарастырылады. Зерттеу мазмұнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, зейінін тұрақтандыру және абстрактілі ұғымдарды визуалды қолдау арқылы меңгерту жолдары талданады. Саралап оқыту, көрнекілік және ойын элементтері мұндай оқушылар үшін дайын ақпаратты қайталау құралы емес, әрекет арқылы түсінуге, көру арқылы есте сақтауға және материалды манипуляциялауға мүмкіндік беретін түзете-дамыту тәсілі ретінде алынады. Нәтижелер бөлімінде интерактивті презентациялар, көлемді модельдер, додекаэдр құралы және үш деңгейлі тапсырмалар арқылы оқушының танымдық қызығушылығы мен психоэмоционалдық дайындығы артатыны көрсетіледі.
Ключевые слова: ерекше білім беру қажеттіліктері, жеңіл ақыл-ой кемістігі, арнайы педагогика, педагогикалық практика, саралап оқыту, көрнекілік әдісі.
Кіріспе. Арнайы білім беру саласындағы қазіргі басты міндет – баланың даму мүмкіндігін ескере отырып, онияң әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау. Арнайы мектептің 6–7 сыныптарындағы жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың танымдық процестерінің (зейін, ес, ойлау) өзіндік ерекшеліктері «Жаратылыстану» пәні бойынша сабақ беру барысында стандартты емес, икемді тәсілдерді қажет етеді. Педагогикалық практика барысында оқушылардың академиялық деңгейі ғана емес, олардың ақпаратты қабылдау жылдамдығы мен психоэмоционалдық дайындығы да әртүрлі екендіг анықталды.
Осыған байланысты, зерттеудің өзектілігі интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар балалардың абстрактілі ойлауын нақты заттық әрекеттерге сүйей отырып дамыту қажеттілігінен туындайды. Зерттеу мақсаты – «Жаратылыстану» сабақтарында қолданылатын саралап оқыту, көрнекілік және белсенді әдістердің түзете-дамытушылық мүмкіндіктерін айқындау. Зерттеу міндеттері – әр оқушының «жақын даму аймағын» анықтау, зейінді тұрақтандырудың тиімді жолдарын көрсету, визуалды қолдау құралдарының (соның ішінде додекаэдр, «Фонарик» әдісі) тиімділігін бағалау және қолдану нәтижесін саралап талдау. Зерттеу объектісі – жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жаратылыстану материалдарын меңгеру үдерісі.
Зерттеу пәні – танымдық белсенділікті арттырудың арнайы әдіс-тәсілдері. Әдістер. Зерттеуде ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау, педагогикалық бақылау, тапсырма мазмұнын модельдеу, сабақ барысындағы түзету жаттығуларын салыстыру және оқушы әрекетін сапалық-сапалық бағалау әдістері қолданылды. Тапсырмалар арнайы мектептің 6–7 сынып оқушыларының қабылдау ерекшеліктеріне сай қысқа, көрнекі және манипуляцияға (қолмен ұстап көруге) негізделіп құрылды. Бағалаудың негізгі өлшемдері ретінде оқушының зейін тұрақтылығы, ақпаратты меңгеру деңгейі, тапсырманы орындаудағы дербестігі және психоэмоционалдық дайындығы алынды. Әдебиеттерге шолу.
Ерекше білім беруді ұйымдастырудың құқықтық әрі әдіснамалық негіздері мемлекеттік деңгейде айқын белгіленген. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында әрбір баланың, соның ішінде дамуында ерекшеліктері бар оқушылардың да сапалы білім алуға, өз мүмкіндіктеріне қарай бейімделген бағдарламалармен қамтылуына мемлекет тарапынан толық кепілдік берілген [1]. Бұл заңнамалық талап арнайы мектептердегі әрбір сабақты баланың қажеттілігіне сай икемдеу міндетін жүктейді. Арнайы педагогиканың заманауи даму үрдістерін зерттеген отандық ғалым Қ. Өмірбекова өз еңбегінде менталды бұзылыстары бар балалардың қоршаған ортаны тану ерекшеліктерін терең талдайды. Оның тұжырымдамасы бойынша, интеллектуалды дамуында кемістігі бар оқушылардың білімді игеру деңгейі тікелей педагогикалық түзету жұмыстарының мазмұнына байланысты [2].
Яғни, сыныптағы дәстүрлі оқытуды емес, баланың психофизикалық ерекшелігін ескеретін арнайы әдістемелерді қолдану басты орында тұрады. Бұл бағыттың іргетасы әлемдік деңгейдегі психолог Л.С. Выготскийдің дефектологиялық теорияларымен тығыз байланысты. Л.С.
Выготский бала дамуындағы «жақын даму аймағы» ұғымын енгізе отырып, интеллектуалды дамуы шектелген баланың тек бүгінгі мүмкіндігіне емес, мұғалімнің көмегімен ертең атқара алатын әлеуетіне сүйену керектігін дәлелдеген [3]. Ғалымның бұл идеясы жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды деңгейге бөліп, саралап оқытудың ғылыми негізі болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы «Арнайы білім беру әдістемесі» қолданбалы оқу-әдістемелік құралдарында жаратылыстану бағытындағы абстрактілі терминдерді бала санасына визуалды қолдау арқылы жеткізудің маңыздылығы көрсетілген [4]. Нұсқаулықтарға сүйенсек, ерекше балалардың заттарды қолмен ұстап көруі (манипуляция), суреттермен жұмыс істеуі және ойын элементтері арқылы білімді бекітуі олардың әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларын қалыптастырудың ең тиімді құралы болып табылады. Нәтижелер.
Педагогикалық практика барысында қолданылған белсенді әдіс-тәсілдер мен визуалды қолдау құралдары арнайы мектептің 6–7 сыныбындағы жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың танымдық белсенділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Түзету сабақтарының нәтижесінде төмендегідей көрсеткіштер тіркелді: Зейінді тұрақтандыру:Сабақтың басында «Жылы лебіз» әдісін енгізу және ортасында сергіту сәттерін жүйелі қолдану оқушылардың шаршау деңгейін төмендетті. Бақылау көрсеткендей, дәстүрлі сабақпен салыстырғанда, оқушылардың тапсырмаға зейін қою уақыты 10-15 минутқа ұзарды. «Фонарик» әдісінің тиімділігі: Жаңа тақырыпты хабарлауда бұл әдісті қолдану оқушылардың қызығушылығын бірден оятты.
Көмескі суретті жарықпен анықтау сәтінде сыныптағы оқушылардың танымдық реакциясы (сұрақ қою, таңданыс білдіру, жауап іздеу) 60%-ға артты. Бұл әдіс әсіресе «Жаратылыстану» пәніндегі жанды және жансыз табиғат объектілерін ажыратуда жоғары нәтиже көрсетті. Визуалды қолдау мен додекаэдр құралы:Абстрактілі ұғымдарды тек есту арқылы емес, додекаэдр сияқты көпқырлы көлемді модельдерді қолмен ұстау (манипуляция) және суретті карточкалармен сәйкестендіру арқылы қабылдау материалды есте сақтау деңгейін 40-50%-ға арттырды. Балалар заттардың қасиеттерін (пішіні, түсі, көлемі) нақты бейнелер арқылы жылдам меңгерді.
Саралап оқытудың нәтижесі: Оқушыларды танымдық мүмкіндіктеріне қарай үш деңгейге бөліп оқыту әр баланың өз мүмкіндігіне сай жетістікке жетуіне жағдай жасады: • I деңгейдегі оқушылар (мұғалім көмегімен жұмыс істейтіндер) пазл құрастыру және бояу арқылы тақырыптың негізгі бейнесін есте сақтады, • II деңгейдегі оқушылар дайын үлгілерді пайдаланып, логикалық реттілікті дербес анықтауға дағдыланды, • III деңгейдегі оқушылар терминдерді сәйкестендіріп, табиғат құбылыстарына қысқаша сипаттама беруді меңгерді. Талқылау. Алынған нәтижелер жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың сыныптағы әрекетін ұйымдастыруда арнайы педагогикалық заңдылықтарды сақтаудың маңыздылығын дәлелдейді. Л.С.
Выготскийдің «жақын даму аймағы» теориясына сүйене отырып [3], біз ұсынған үш деңгейлі тапсырмалар жүйесі баланың тек бүгінгі шектелген мүмкіндігіне емес, оның мұғалім қолдауымен қол жеткізе алатын әлеуетіне бағытталды. Тәжірибе көрсеткендей, тапсырма оқушының деңгейіне лайықталғанда ғана балада «сәтсіздікке ұшырау» қорқынышы жойылып, оқу уәждемесі (мотивациясы) пайда болады. Қ. Өмірбекованың арнайы оқытудың мазмұнын түзету бағытына икемдеу туралы тұжырымдамасы [2], сабақта қолданылған «Фонарик» әдісі мен додекаэдр құралы арқылы іске асты. Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар 6–7 сынып оқушыларының жас ерекшелігі жасөспірімдік шаққа келгенімен, олардың ойлау жүйесі әлі де көрнекі-бейнелі деңгейде қалады. Сондықтан жаратылыстанудың күрделі ұғымдарын көрнекілік әдісі мен ойын элементтері арқылы беру – ақпаратты сапалы өңдеудің жалғыз тиімді жолы екені айқындалды.
Мысалы, додекаэдрдың әр қырындағы суреттерді аударып, қолмен ұстап көру барысында баланың тактильді және көру анализаторлары қатар жұмыс істеп, «Арнайы білім беру әдістемесінде» көрсетілген кешенді қабылдау принципін жүзеге асырды [4]. Сонымен қатар, түзету сабақтарында эмоционалды фактордың рөлі зор. Қарапайым мадақтау сөздері («Жарайсың!», «Сенің қолыңнан келеді!») мен сыныптағы сенімділік атмосферасы баланың психоэмоционалдық дайындығын нығайтып, оның мектепке, сабаққа деген оң көзқарасын қалыптастыруға көмектесті. Қорытынды. Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар 6–7 сынып оқушыларымен «Жаратылыстану» пәні бойынша жүргізілген жұмыс түзете-дамыту технологияларының жоғары тиімділігін көрсетті. Көрнекі құралдар мен заттық манипуляцияларды қатар қолдану абстрактілі ұғымдарды нақты бейнелермен байланыстыруға мүмкіндік беріп, материалды меңгеру сапасын айтарлықтай арттырды.
Сонымен қатар, тапсырмаларды саралап ұйымдастыру әр баланың жеке мүмкіндігіне сүйенуге, олардың сәтсіздік қорқынышынан арылуына және сабаққа толық тартылуына жол ашты. Қорыта айтқанда, ерекше балаларды оқытудың табыстылығы педагогикалық икемділікке, жүйелі көрнекілікке және қолдау көрсету мен мадақтау жүйесіне тікелей байланысты. Тәжірибеде сыналған бұл тәсілдер кешені арнайы,мектеп мұғалімдері мен дефектологтардың практикалық жұмысында тиімді құрал ретінде қолданыла алады.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 5 (98) том 4
Ссылка для цитирования:
ЖЕҢІЛ АҚЫЛ-ОЙ КЕМІСТІГІ БАР ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚЫТУДАҒЫ ТИІМДІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР // Журнал «Вестник науки» от 24 мая 2026 г. № 5 (98) том 4. С. 989 - 994. 2026 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/30747 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/30747
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
