СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫНЫҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Аннотация: мақалада Смағұл Сәдуақасұлының жас ұрпақты тәрбиелеу, ағарту ісін дамыту және ұлттық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы қызметі талданады. Қайраткердің жас ұрпақты ұлттық мемлекеттіліктің әлеуметтік тірегі және зияткерлік әлеуеті ретінде бағалаған идеялары деректік материалдар негізінде сараланып, оның ағартушылық және ұйымдастырушылық қызметінің мазмұны ашып көрсетіледі. Еңбекте білім беру жүйесін ұйымдастыру, ұлттық кадрлар даярлау, жоғары оқу орындарын дамыту және мемлекеттік шәкіртақы тағайындау тетіктерін енгізу бағытындағы бастамалары кешенді түрде қарастырылады. Сонымен қатар, қайраткер мерзімді баспасөз бен ұлттық театрды қоғамдық сананы жаңғырту, тарихи жадты орнықтыру және мәдени бірегейлікті нығайту құралы ретінде пайдаланудағы рөлі айқындалады.
Ключевые слова: жастар саясаты, білім беру, институт, шәкіртақы, мәдениет, театр, баспасөз.
Кіріспе. Жас ұрпақ — қоғамның сенімді тірегі, оның болашағы. Жарқын болашаққа сенімі, жаңашылдыққа ұмтылысы және қоғамда болып жатқан өзгерістерге тез бейімделу қабілеті бар жас ұрпақ еліміздің алға дамуына жетелейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарды «елдің келешегі, мемлекет мәртебесі» деп мойындауы, болашақ ұрпақты тәрбиелеу, оларды білім мен ғылымға жетелеу және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету еліміздің негізгі мақсаттарының бірі екенін көрсетеді [1].
Білімді әрі отансүйгіш жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесін кезінде белгілі қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы көтерген болатын. Оның бұл мәселеге байланысты тұжырымдары әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпады. Смағұл Сәдуақасұлын қазақ жастарына бағытталған саяси-идеялық бағдардың негізін қалаушылардың бірі ретінде бағалауға болады. Зерттеу әдіснамасы.
Мақалада Смағұл Сәдуақасұлының баяндамалары мен публицистикалық мақалаларындағы жастар саясаты мен мәдени-ағартушылық қызметін зерттеуде талдау әдісі қолданылды. Зерттеу барысында Смағұл Сәдуақасұлының қызметін жан-жақты қарастырған зерттеушілердің еңбектері пайдаланылды, соның ішінде Қамзабекұлы Д. еңбектері, сондай-ақ Мұқанова Г.К., Қабылдинов З.Е., Байжұманова З.Б., Қамзабекұлы Д., Жұматай С. бірлесіп шығарған монографиясы, сондай-ақ қайраткердің екі томдық жинақталған мақалалары.Бұл әдістемелік тәсіл Смағұл Сәдуақасұлының әлеуметтік-саяси және мәдени-ағартушылық қызметін тарихи контекстте жүйелі түрде зерттеуге, оның жастарға бағытталған саяси-идеялық ұстанымдарын, білім беру және мәдени даму саласындағы бастамаларын жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. Негізгі бөлім. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына белсене араласқан Смағұл Сәдуақасұлы Кеңес өкіметі тұсында Қазақ автономиясының басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарды.
Ол қазақ қоғамының артта қалу себептерін терең зерттей отырып, сол кезеңде ешкімнің қозғауға батылы жетпеген экономикалық дербестік, ұлттық кадрларды даярлау, мәдени жаңғыру мәселелерін көтерді. Оның қызметі мен көзқарастары бүгінгі түсініктегі жастар саясаты ұғымы қалыптаспаған кезеңнің өзінде жас ұрпақтың тағдырына, тәрбиесіне және қоғамдық рөліне айрықша мән берілгенін көрсетеді. Бұқара халықпен жұмыс істеуде бай тәжірибеге ие болған қайраткер жастардың тұрмысын, олардың қажеттіліктерін терең түсініп, олардың назарын өзіне тиімді бағыттай білді. Ол өз мақаласында жастарды ұлт болашағының шешуші күші ретінде сипаттап, олардың болашаққа көзқарасы мен моральдық қасиеттерін атап көрсетеді: «Жастар көбінесе болашақты ойлайды. Әділдік пен адалдыққа олардың жүрегі тез қимылдайды.
Жастар өзгерістерді бойына оңай сіңіреді, олар жігерлі, екпінді» [2, 125 б.]. Шынында да, қазақ халқының тарихында, әсіресе төңкерістен кейінгі әлеуметтік-саяси өткел кезеңдерде, жастар қауымы маңызды рөл атқарды. Олар халық мүддесін қорғауға белсене араласып, әділетсіздікке қарсы батыл әрекет етті, қоғамдағы өзгерістерді жылдам қабылдап, оны жүзеге асыруда белсенділік танытты. Жас ұрпақтың әлеуетін көрген қайраткер ең алдымен олардың білім алуына жағдай жасауға ұмтылды.
Ол жастардың ең басты әрі алғашқы міндеті — білім алу деп есептеді, өйткені білім саналы, жауапкершілігі жоғары азаматтарды қалыптастырып, оларды қоғамдық өмірге белсенді араласуға даярлайды. Оның пікірінше, ағарту ісі қоғамның әлеуметтік және мәдени дамуының негізгі қозғаушы күші болды. Халық комиссариатында комиссар қызметін атқара жүріп, ол ағарту мәселелеріне айрықша көңіл бөлді: мектептерді ұйымдастыруға, бастауыш, орта және жоғары білімге арналған оқу бағдарламаларын жасауға, сондай-ақ оқулықтарды даярлау мен басып шығаруға белсене атсалысты. Оның қызметі біртұтас білім беру жүйесін қалыптастыруға және халықтың білім деңгейін арттыруға бағытталды. Қайраткер техникумдар мен жоғары оқу орындарының дамуына айрықша мән беріп, оларды білікті мамандар даярлайтын негізгі институттар ретінде қарастырды.
Ол жастарды мемлекет пен қоғам аса зәру болған кәсіптер мен мамандықтар бойынша мақсатты түрде оқытудың қажеттігін алға тартты. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби және жоғары білім беру жүйесін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық интеллигенцияны қалыптастырудың маңызды тетігі деп бағалады. 1926 жылы Ташкент қаласында Қазақ жоғары педагогикалық институты ашылды. Қайраткер бұл алғашқы қазақ жоғары оқу орнына зор үміт артты, оны «алғашқы қазақ жоғары оқу орны» деп атады. Ол аталған оқу орнының ашылуын маңыздылығы жағынан 1920 жылғы сәуірде Қазақ автономиясының құрылуымен теңестірді. Сонымен қатар ол кеңестік Қазақстан жағдайында алғаш рет республикадан тыс жерде білім алып жатқан студенттерге жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік шәкіртақыны алқалы түрде тағайындау жүйесін енгізді. Қайраткер аталған перспективалы жобаның бастамашысы ретінде Ташкенттен келген өтініштерді, соның ішінде Ортаазиялық мемлекеттік университет пен Ортаазиялық коммунистік университет студенттерінің өтініштерін, қарастырды [3, 203 б.].
Шәкіртақының тұрақсыз төленуі немесе әділетсіз берілуі жағдайларын ол өз бақылауына алып, ректорлармен хат алмасу жүргізіп, студенттердің тізімдерін қалпына келтіруді, бас тарту себептерін анықтауды және тиісті мәселелерді шешуді қамтамасыз етті. Жас ұрпақты тәрбиелеуде оқу орындары жүйесінен бөлек, қайраткер бұқаралық ақпарат құралдарын — газеттер мен журналдарды, сондай-ақ театрлар сияқты мәдени институттарды — белсенді түрде қолдануға шақырды. 1920 жылы Смағұл Сәдуақасұлы қазақ тілінде шығатын «Еңбекшіл жастар» және «Кедей сөзі» газеттерінде жұмыс атқарды. Қазақ автономиясын жариялаған жалпы қазақ кеңестерінің І съезі кезінде «Ұшқын» газетінің «Ғылым һәм шаруашылық» бөлімін басқарды. Кейін, 1922 жылы, жастарға арналған «Өртең» газетін шығаруға белсене қатысып, 1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енді. 1924–1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» газетінің жауапты шығарушысы қызметін атқарса, 1925–1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болды [4, 7 б.]. Қайраткер баспасөз саласында мол тәжірибеге ие болды және оның жастардың дүниетанымына, сондай-ақ қоғамның сана-сезіміне қандай ықпал ететінін жақсы түсінді. Ол: «Баспасөз — тұрмыстың айнасы.
Газет халық тұрмысын құр ғана айнадағыдай қылып көрсетіп отырмайды, газет күнделікті өмірдің қисық-қыңыр жерлерін түзеуге де себепші болады. Бұл жағынан қарағанда, газет тәрбиешісі болып шығады», — деп жазады [5, 289–290 бб.]. Сол себепті мақалалардың авторлары алдында маңызды міндет қойылды: олар өз мәтіндері арқылы жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетуі, олардың дүниетанымын қалыптастыруы және жалпы мақсатқа жету үшін біріктіруі қажет болды. 1925 жылғы 22 қазанда өткен болашақ ұлттық театрды ұйымдастырудың нақты шараларына арналған кеңейтілген мәжілісте қайраткер арнайы баяндама жасады [4, 219 б.]. Бұл баяндамада қазақ қоғамы жағдайындағы театрдың құрылымдық негіздері, оның көркемдік сипаты мен идеялық-бағдарлық ұстанымдары жан-жақты талданып, тұжырымдалды. Қызылорда қаласында ол алғашқы қазақ театрының шығармашылық құрамын қалыптастыру мақсатында бұрынғы ауыл өнерпаздарын — әнші-күйшілерді, бишілер мен жыршыларды, суырыпсалма ақындарды, сондай-ақ даңқты балуандарды — жинап, бір ортаға топтастырды. Қазақ театрының алғашқы негізін қалаған бұл тұлғалар табиғи таланты айрықша, халықтық өнер дәстүрін терең меңгерген дарынды жандар еді.
Сауат деңгейі төмен, кәсіби өнердің теориялық негіздерінен бейхабар өнерпаздарды оқыту және шығармашылық тұрғыдан жетілдіру мақсатында С. Сәдуақасұлы публицистикалық мақалалар жаза бастады. Бұл бағыттағы ең алғашқы еңбектері өзі редакторлық еткен «Еңбекші қазақ» газетінің 26 және 29 қазан күнгі сандарында «Ұлт театры туралы» деген атаумен жарық көрді [4, 220 б.]. Аталған мақалаларында автор театр, пьеса, әртіс сияқты ұғымдарды жүйелі түрде түсіндіріп, оларды қарапайым қазақ оқырманының қабылдауына лайықтап, ғылыми-танымдық сипатта баяндады.
Осылайша, қайраткердің жүйелі ұйымдастырушылық қызметі мен дарынды өнер иелерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде 1926 жылғы 13 қаңтарда ұлттық театрдың тұсаукесері өтті. «Ұлт театры туралы» атты мақаласында Смағұл Сәдуақасұлы бұл тарихи оқиғаны «қазақ елінің ілгері басу жолындағы үлкен асулардың бірі» деп бағалады [5, 283 б.]. Ол мемлекеттік қазақ театрын мәдени дамудың және ұлттық сананың қалыптасуының аса маңызды институты ретінде қарастырып, оның құрылуын дәйекті түрде қолдады. Қайраткер театрды тек көркем шығармашылық саласы ретінде ғана емес, сонымен қатар ағартушылықтың, идеологиялық тәрбиенің және ұлттық тіл мен мәдениетті сақтаудың пәрменді құралы деп түсінді. Өз еңбектерінде ол театрдың қоғамдағы маңызын айқындай отырып: «Театр — жанды кітап, театрда оқудың орнына адам естіп, көреді. Кітаптан театрдың өрісі кең.
Театр көңіл көтеретін ойын үйі ғана емес, ол өз алдына мәдениеттің бір мектебі», — деп жазды [5, 283 б.]. Театр ашылуында қойылған Көшке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасында кейіпкерлердің тағдыры мен алтын сақинаның символдық мәні арқылы жеке еркіндіктің шектелуі, дәстүрлі әдет-ғұрыптардың адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктеріне әсері, сондай-ақ әйелдердің әлеуметтік мәртебесін төмендететін дәстүрлерді қайта қарастыру қажеттілігі көрініс табады. 27 қаңтарда қойылған Мұхтар Әуезұлының «Бәйбіше, тоқал» пьесасында көп әйел алуға байланысты отбасылық қақтығыстар арқылы қоғамдағы моральдық және әлеуметтік нормалардың кемшіліктері мен салдары зерттеледі. Қайраткер аталған пьесаларды тек көркем шығармашылық туынды ретінде ғана емес, сонымен қатар ағартушылық және тәрбиелік құрал ретінде пайдаланып, сахна арқылы әлеуметтік мәселелерді көрсетуге және қоғамның теріс әдеттерімен күресуге шақыруды, ұлттық сананы қалыптастыруды, театрды мәдени-идеологиялық тәрбиенің маңызды институты ретінде қолдануды мақсат етті. Смағұл Сәдуақасұлы театрда қазақ халқының тарихи санасын қалыптастыруға және жас ұрпаққа өз тарихымен мақтануға мүмкіндік беретін тарихи оқиғаларды сахналық көріністе көрсетуге ұмтылды. Сол себепті ол жазушылар мен ақындарды қазақ халқының тарихи-әлеуметтік өмірін зерттейтін шығармалар жазуға шақырды, олардың материалдары ұлттық театрда көрсетілуі арқылы халыққа кеңінен жеткізілуге тиіс болды. Қайраткер өз мақаласында былай жазады: «Орыс жазушысы Тренев «Пугачевщинаны» жазса, біз Кенесарыны неге жазбаймыз? Қазақ жастарының тұрмысы, әйел теңдігі, төңкеріс заманындағы оқиғалар, 16-шы жыл, шәкірт өмірі, мұғалім тұрмысы, ұлт мәселесі, бай-кедей арасы — осының бәрі жазушыны күтіп отыр» [5, 279 б.].
Бұл сөздер арқылы қайраткер халықтық тарих пен әдеби шығармашылық арасындағы байланысқа, театр мен әдебиеттің идеологиялық, тәрбиелік және мәдени мақсаттарына ерекше мән бергенін көрсетеді. XXI ғасыр жағдайында жастар Смағұл Сәдуақасұлы дәуіріндегідей қоғам дамуының басты қозғаушы күші болып қала береді. Қазақ автономиясы қалыптасқан өтпелі кезеңде жас буын халық тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алғаны сияқты, бүгінгі жас ұрпақ та қоғамдық жаңғыру, мәдени серпіліс және зияткерлік өсу үдерістеріне белсене араласып отыр. Егер 1920-жылдары жастар «жігерлі, екпінді күш» ретінде жаңа идеяларды қабылдап, оларды жүзеге асыруға қабілетті деп танылса, қазіргі жастар да жоғары икемділігімен, жаңашылдыққа ашықтығымен және әділеттілікке ұмтылысымен ерекшеленеді. Қазіргі жастар практикасы ХХ ғасырдың басындағы қайраткерлер қалыптастырған дәстүрлердің заңды жалғасы болып табылады. Бүгінгі күні де білім алу саналы, елге қызмет ететін азаматты қалыптастырудың негізгі өзегі ретінде қарастырылады.
Бұрын мемлекет пен зиялы қауым мектептер, техникумдар және алғашқы жоғары оқу орындарын ашуға күш салса, қазіргі кезеңде бұл бағыт жоғары оқу орындарды дамыту, шәкіртақы бағдарламаларын іске асыру және дарынды жастарды қолдау арқылы жалғасуда. Қоғамдық тәрбиелеу саласында да айқын сабақтастық байқалады. ХХ ғасырдың басында газет пен театр халықтың «тәрбиешісі» ретінде қоғамдық сананы қалыптастырып, жастардың моральдық бағдарын айқындаса, бүгінгі күні бұл қызметті бұқаралық ақпарат құралдары, цифрлық платформалар, әлеуметтік желілер мен мәдени кеңістіктер атқарады. Осы арналар арқылы жастар ақпаратты тұтынушы ғана емес, сонымен қатар автор, публицист, ұйымдастырушы ретінде қоғам өміріне белсенді қатысуда. Бір ғасыр бұрынғыдай, мәдениет те тәрбиенің және өзін-өзі танудың маңызды құралы болып отыр.
Егер Смағұл Сәдуақасұлы ұлттық театрды «мәдениеттің бір мектебі» деп бағаласа, бүгінгі таңда бұл міндетті заманауи театрлар, кино, әдебиет және басқа да өнер орталықтары атқаруда. Осы салаларда жастар тарихи тәжірибені, әлеуметтік қайшылықтарды және ұлт болашағын пайымдайды. Өткенге, тарих және мәдениетке жүгіну арқылы ұлттық сана мен ел тағдырына деген жауапкершілік сезімі қалыптасады. Қорытынды. Қорыта айтқанда, Смағұл Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қызметі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамының жаңғыру үдерісімен тығыз байланысты болды. Ол ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінде жас ұрпақ мәселесін стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде қарастырып, білім беру, кәсіби даярлық, ұлттық интеллигенция қалыптастыру және мәдени институттарды дамыту ісіне жүйелі түрде атсалысты. Қайраткердің көзқарастарында жастар қоғамның қозғаушы күші, әлеуметтік өзгерістердің белсенді субъектісі әрі ұлттық болашақтың кепілі ретінде бағаланды.Сәдуақасұлының ағарту саласындағы бастамалары — оқу орындарын ұйымдастыру, оқу бағдарламалары мен оқулықтар даярлау, жоғары білім мен шәкіртақы жүйесін жолға қою — қазақ қоғамының зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, оның баспасөз саласындағы қызметі мен публицистикалық мұрасы жастардың дүниетанымын қалыптастыруға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және ұлттық идеяны орнықтыруға қызмет етті.Ұлттық театрды ұйымдастыру ісіндегі белсенділігі Смағұл Сәдуақасұлының мәдениетке тек көркемдік құбылыс ретінде емес, қоғамдық тәрбиенің, тарихи сананы қалыптастырудың және ұлттық бірегейлікті нығайтудың пәрменді құралы ретінде қарағанын көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Смағұл Сәдуақасұлының қызметі қазіргі түсініктегі жастар саясатының, ұлттық мәдениет пен білім беру жүйесінің тарихи бастауларының бірі ретінде бағалануға тиіс. Оның идеялары мен практикалық қадамдары қазақ жастарын білімді, саналы, отансүйгіш тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталды және бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында да өзінің өзектілігін сақтап отыр.
Полная версия статьи PDF
Номер журнала «Вестник науки» № 5 (98) том 5
Ссылка для цитирования:
СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫНЫҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ // Журнал «Вестник науки» от 31 мая 2026 г. № 5 (98) том 5. С. 1324 - 1332. 2026 г. ISSN 2712-8849 // Электронный ресурс: https://www.вестник-науки.рф/article/31136 (дата обращения: 29.11.2026 г.)
Альтернативная ссылка латинскими символами: vestnik-nauki.com/article/31136
Нашли грубую ошибку (плагиат, фальсифицированные данные или иные нарушения научно-издательской этики) ?
- напишите письмо в редакцию журнала: zhurnal@vestnik-nauki.com
